Астанада мас күйде көлік айдаған судья Әсел Досаева қызметінен қуылды

Астана қаласының судьясы Әсел Досаева қызметінен босатылды. Бұл туралы Жоғары сот кеңесі мәлім етті, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Кеңестің мәліметінше, шешім 2026ж. 22 қаңтарда қабылданған. Судья Әсел Досаева судьялық әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылып, лауазымынан босатылған.
Еске салсақ, 2025 жылы қараша айында ол Астанада алкогольге мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталған. Медициналық сараптама оның ағзасында алкоголь барын растаған. Сонымен қатар, тексеру кезінде жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені анықталған.
Сол сәтте судьялық иммунитетке байланысты жауапкершілікке тарту мүмкін болмаған. Әкімшілік істі қозғау үшін Бас прокуратура Мемлекет басшысына жүгінуге мәжбүр болған. Иммунитет алынғаннан кейін іс сотқа жолданған.
Нәтижесінде ол алкогольге мас күйінде көлік жүргізгені және жарамды жүргізуші куәлігі болмағаны үшін кінәлі деп танылып, 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, 786 400 теңге айыппұл салынды.
Фото: Астана қаласының соттары



