Путин мен Зеленскийдің кездесуі жақын арада өтуі мүмкін
Кремль Абу-Дабидегі келіссөздерге қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ

АҚШ, Ресей және Украина делегацияларының Украинадағы соғысты аяқтау мәселесіне арналған үшжақты келіссөздерінің келесі раунды 1 ақпанда Абу-Дабиде өтуі мүмкін. Бұл туралы Axios басылымы америкалық ресми дереккөзге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бұған дейін 23-24 қаңтар күндері өткен кездесулер соғыс басталғалы бері алғаш рет үшжақты форматта ұйымдастырылған болатын. Келіссөздер қорытындысында тараптар жаңа раунд өткізуге уағдаласқан.
Axios дерегінше, АҚШ өкілдері Абу-Дабидегі кездесуді келіссөздердің келесі кезеңіне өту жолындағы маңызды қадам деп бағалап отыр. Дереккөздердің айтуынша, тараптар Ресей мен Украина президенттерінің ықтимал кездесу мүмкіндігін де талқылаған. Келесі келіссөз кезеңі сәтті өтсе, Владимир Путин мен Владимир Зеленский кездесуі мүмкін.
Басылым мәліметінше, 22 қаңтарда Мәскеуде АҚШ Президентінің арнайы өкілдерімен өткен кездесуде Владимир Путин соғысты дипломатиялық жолмен аяқтауға дайын екенін білдірген. Ресей бұл ниетін Абу-Дабиге жоғары деңгейдегі делегация жіберу арқылы көрсеткен. Делегацияны Ресей Бас штабының Бас барлау басқармасының (ГРУ) басшысы Игорь Костюков басқарған.
Украина тарапынан келіссөздерге Президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов, ал АҚШ делегациясына Еуропадағы АҚШ әскерлерінің қолбасшысы Алексус Гринкевич қатысқан.
Келіссөздер жабық форматта өтті. Ресми ақпарат жарияланған жоқ. Дегенмен бірқатар дереккөз Ресейдің Донецк облысының оккупацияланбаған бөлігінен Украина Қарулы күштерінің шегінуін талап еткенін, ал Киев бұл талапты қабылдамағанын хабарлады. Осы мәселе бойынша ілгерілеу болмаған.
Сонымен қатар тараптар атысты тоқтатқаннан кейінгі ықтимал қадамдарды талқылауда белгілі бір алға жылжу бар екенін растаған. Атап айтқанда, әскерлерді ажырату, атысты тоқтату режимін бақылау тетіктері және бақылау-үйлестіру орталығын құру мәселелері қаралған.
Politico мәліметінше, келіссөздер барысында Запорожье атом электр станциясының тағдыры да талқыланған. Ресей электр энергиясын бірлесіп пайдалану нұсқасын ұсынғанымен, нақты келісімге қол жеткізілген жоқ.
Reuters және Axios дерегіне сүйенсек, үшжақты келіссөздермен қатар Ресей мен Украина делегациялары екіжақты кездесу де өткізген. Келіссөз соңында тараптар бірлескен бейресми түскі асқа қатысқан.
Украина Президенті Владимир Зеленский келіссөздерді «конструктивті» деп бағалап, тараптар алдағы қадамдарды мемлекет басшыларымен келісуге уағдаласқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, келесі кездесу алдағы аптада өтуі мүмкін.
Кремль Абу-Дабидегі келіссөздерге қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.



