Президент сайлауы өтетін күнді өзгерту ұсынылды
Тоқаев Ұлттық құрылтайда «Мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, 2 ай аралығында кезектен тыс Президент сайлауы өтеді» деген болатын

Конституциялық комиссияның екінші отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Конституцияға ұсынылатын өзгерістерге тоқталды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Ол Конституцияның 41-бабына қандай өзгеріс ұсынылғанын айтты. Бұл бап Қазақстандағы Президент сайлауының өтетін күніне тікелей байланысты болып отыр.
Әділет министрінің айтуынша, бұл бапқа сай қазіргі уақытта Президент сайлауы өтетін күн желтоқсан айының бірінші жексенбісі деп көрсетілген.
Мұндай норма әртүрлі обьективті мән-жайларды ескеруге мүмкіндік бермейді әрі өкілеттілік мерзімінің аяқталуы мен сайлау күні арасындағы мерзімдік айырмашылықтың туындауына әкеп соғуы мүмкін. Осыған байланысты, Конституцияның 41-бабында «Президент сайлауы оның өкілеттілік мерзімінің аяқталуына кемінде екі ай қалғанда өтеді» деп көзделген. Бұл редакцияда Мемлекет басшысының сайлау күні оның өкілеттілік мерзімінің аяқталу күніне орай белгіленіп, құқықтық айқындық қамтамасыз етіледі, – деп нақтылады Ерлан Сәрсембаев.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев «Мерзімінен бұрын қызметтен кетсе, 2 ай аралығында кезектен тыс Президент сайлауы өтеді» деген болатын.
Фото: gov.kz



