Мәдениет

Қазақстанда шетелдік әртістердің өнер көрсетуіне цензура енгізіледі

Қазір шектеуге ілігетін нақты әртістер немесе әндер тізімі жоқ

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Сенаттағы брифингте Қазақстанда концерттер мен гастрольдік іс-шараларды тоқтату немесе күшін жою қандай негіздер бойынша жүзеге асатынын түсіндірді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Оның айтуынша, тыйым салу тек заң талаптарына қайшы келетін контент анықталған жағдайда ғана мүмкін. Қазір шектеуге ілігетін нақты әртістер немесе әндер тізімі жоқ.

Қазақстан баршаға барынша ашық, пікір білдіру еркіндігі мойындалады, – деді вице-министр.

Евгений Кочетов бұған дейін шетелдік әртістер алдымен концерт өтетін алаңды тауып, билет сатып, промоутермен келісімшарт жасайтынын, ал әкімдіктермен келісу кейіннен ғана жүргізілетінін еске салды. Кей жағдайларда жергілікті атқарушы органдар концерт туралы әлеуметтік желіден ғана біліп жататын.

Енді бұл механизм өзгертілді. Жаңа ережеге сәйкес, гастроль ұйымдастырушылары ең алдымен жергілікті атқарушы органдармен келісімшарт жасасуға міндетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі процесті бақылап, құжаттарды тексеріп, әкімдіктерге әдістемелік көмек көрсетеді.

Әртіспен жасалатын келісімшартта төмендегідей шығармаларды орындамау міндеттемесі бекітіледі. Олар:

  • ұлттық құндылықтарға нұқсан келтіретін;

  • порнографияны насихаттайтын;

  • есірткі қолдануды насихаттайтын;

  • заңмен тыйым салынған өзге де мазмұндағы дүниелер.

Тек тексеру мен келісуден кейін ғана концерттің өтуіне рұқсат беріледі.

Мұндай тәртіп қисынды әрі дұрыс. Ол заңның сақталуын және қоғам мүддесінің қорғалуын қамтамасыз етеді, – деді Кочетов.

Сондай-ақ вице-министр қалыңдық ұрлауды (қыз алып қашуды) насихаттайтын әндерді орындауға шектеу қойылуы мүмкін бе деген сұраққа пікір білдірді.

Қысқа да нұсқа жауап беремін: иә, біз бұған назар аударамыз. Бұл нақты әрі сөзсіз. Өйткені қазақстандық әртістерді көптеген елде тыңдайды, – деді Евгений Кочетов.

Ол кей өңірлерде қыз алып қашу оқиғалары қоғамда үлкен резонанс тудырғанын еске салды.

Мұның қоғамда қандай шу көтергенін түсінеміз. БАҚ-тың да қолдауына, қоғамның өз ұстанымына үміт артамыз: қоғам әртістерді басқа құндылықтар туралы ән айтуға ынталандырады, – деді вице-министр.

Фото: Freepik.com

Басқа жаңалықтар

Back to top button