Жаңалықтар

Танымал әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынды

Ол елге көші-қон заңнамасын бұзғаны және «арнайы әскери операцияны» сынағаны үшін кіргізілмеген

Ресей билігі қазақстандық танымал стендап-комик Нұрлан Сабуровтың ел аумағына кіруіне 50 жылға тыйым салды. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, бұл шешім «арнайы әскери операцияға» қатысты сын пікірлер мен көші-қон және салық заңнамасын бұзу күдігімен байланысты қабылданған, деп жазады NewsMedia.kz.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақстанда шетелдік әртістердің өнер көрсетуіне цензура енгізіледі

34 жастағы әзілкештің Мәскеудегі Внуково әуежайында ұсталғаны туралы ақпаратты ресейлік күштік құрылымдарға жақын Baza және Mash телеграм-арналары хабарлаған. Mash дерегінше, Сабуров елге көші-қон заңнамасын бұзғаны және «арнайы әскери операцияны» сынағаны үшін кіргізілмеген.

Хабарларға қарағанда, комик Ресейге Біріккен Араб Әмірліктерінен келген. Оған БАӘ-ге тегін депортация ұсынылғанымен, ол бұл ұсыныстан бас тартып, өз қаражатына Қазақстанға билет сатып алған. Кей деректерде Сабуровтың БАӘ-ге кісен салынған күйде ұшудан бас тартқаны айтылады.

ТАСС агенттігінің күштік құрылым органдарындағы дереккөзі Ресейге кіруге тыйым салу туралы шешім 30 қаңтарда қабылданғанын мәлімдеді. Агенттік мәліметінше, алдын ала тексеріс барысында Сабуров табысын делдалдар арқылы заңдастыруға тырысқан деген болжам айтылған.

Ал «Важные истории» басылымы комикке қатысты шешім Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұйрығымен қабылданғанын жазады. Басылым дерегінше, негізгі себептердің бірі – Сабуровтың арнайы қызметтермен ынтымақтастықтан бас тартуы болуы мүмкін. Журналистердің мәліметінше, комик бірнеше рет ФСБ-ға шақырылып, оны жұмысқа тарту әрекеттері жасалған.

Әзірге әртістің менеджері бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін де ұсталған

Бұл — Нұрлан Сабуровтың ресейлік әуежайда ұсталған екінші жағдайы. 2025 жылдың мамыр айында ол Мәскеудегі Шереметьево әуежайында көші-қон тіркеу мерзімін бұзды деген айыппен ұсталған болатын. Ол кезде комик Ресей аумағында визасыз режим бойынша рұқсат етілген 90 күннің орнына 114 күн жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 мың рубль көлемінде айыппұл төлеген.

Осы оқиғадан кейін Сабуров Ресейге бірнеше рет барып, концерттер қойып, ресми шараларға қатысқан. Сондай-ақ ол танымал YouTube жобасы – «Что было дальше?» шоуының жүргізушілерінің бірі ретінде түсірілімдерге қатысып келген. Биыл Ресейдің бірқатар қаласында комиктің концерттері жоспарланған еді.

«Арнайы әскери операция» туралы пікір айтқан ба?

Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін 2022 жылы Сабуров АҚШ-тағы гастрольдік тур кезінде соғысқа қатысты ұстанымын ашық білдіруден бас тартқаны үшін сынға ұшыраған. Ашық дереккөздерде оның Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тікелей сынағаны туралы нақты дәлелдер жоқ.

Алайда 2026 жылдың қаңтарында «Что было дальше?» шоуының бір шығарылымында Сабуров Ресейдегі мигранттарға қатысты көзқарасты сынға алған. Бағдарламада ол ресейлік әнші Прохор Шаляпиннің шенген визасын алу қиындығына қатысты шағымына мысқылмен жауап берген.

Соңғы жылдары Ресей билігі «арнайы әскери операцияны» сынайтын журналистерді, белсенділерді және қоғам қайраткерлерін жауапкершілікке тартуға негіз ретінде жиі қолданады. Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Ресейде «әскери жалған ақпарат тарату» және «армияны қаралау» баптары бойынша қылмыстық әрі әкімшілік жауапкершілік енгізілген. Бұл баптар бойынша көптеген танымал тұлға мен қарапайым азаматтарға қатысты үкімдер шығарылған.

Фото: instagram.com/labelcomedians

Басқа жаңалықтар

Back to top button