Басты жаңалықЖаңалықтар

Қазақстан соты Украинадағы соғыстан қашып келген ресейлік әскериге саяси баспана беруден бас тартты

Евгений Коробов – Ресей қарулы күштерінің аға лейтенанты

Қазақстан соты Украинадағы соғыстан қашып келген ресейлік әскери қызметкерге саяси баспана беруден бас тартты, деп хабарлайды NewsMedia.kz DW басылымына сілтеме жасап. 

Қазақстан билігі Украинада жарақат алғаннан кейін Ресей әскерінен қашып кеткен Евгений Коробовқа босқын мәртебесін беруден бас тартты. Бұл туралы Қазақстанның адам құқықтары бюросының адвокаты Артур Алхастов мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, алдымен Астана қаласының Еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы Коробовқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Ресейлік әскери қызметкер бұл шешімге қатысты сотта шағымданған. Дегенмен Астана соты да ер адам туған елінде саяси сенімдері мен әскерден қашқаны үшін қудаланбайды деген қорытындымен келісіп, саяси баспана беруден бас тартты.

Коробов пен дезертирлерді қолдайтын “Прощай, Оружие!” ұйымы сот шешімімен келіспейтінін айтып, үкімді апелляцияға бермек.

Айта кетейік, Евгений Коробов – Ресей қарулы күштерінің аға лейтенанты. Ол 2022 жылдың ақпанынан мамырына дейін, Ресейдің Украинаға басып кіруінің алғашқы үш айында Украинада болған. Ол шайқастарға, соның ішінде Киев түбіндегі ұрыстарға қатысып, “Ерлігі үшін” медалімен марапатталып, кейін жарақат алған. Жарақаттан кейін ер адам майданға оралудан бас тартып, Қазақстанға қашып келген. Ресейде Коробовтың үстінен дезертирлік үшін қылмыстық іс қозғалған.

Фото: tass.ru

Басқа жаңалықтар

Back to top button