Нұрлан Сабуров Ресейге кіруге тыйым салынғаннан кейін Алматыға келді
Комик баспасөз өкілдеріне ешқандай пікір білдірген жоқ

Қазақстандық танымал стендап-комик Нұрлан Сабуров Мәскеуден Алматыға ұшып келді. Ұшақ жергілікті уақыт бойынша таңғы 04:50-де қонған, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Танымал әзілкеш Нұрлан Сабуровқа Ресейге кіруге 50 жылға тыйым салынды
Әуежай қызметкерлері журналистерге әртістің келу сәтін фото және бейнежазбаға түсіруге рұқсат бермеген. Комиктің өзі де баспасөз өкілдеріне ешқандай пікір білдірген жоқ. Ол бірнеше адамның ертуімен әуежай ғимаратынан шығып кеткен.
Еске салайық, Сабуров Мәскеуге барғаннан кейін Ресей аумағына кіруге тыйым салынғаны туралы хабарлама алған. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, мұндай шешім «ұлттық қауіпсіздік мүддесі үшін» қабылданған. Алайда бұл жағдайға қатысты Ресейдің ресми органдары да, әртістің өзі немесе оның өкілдері де нақты түсініктеме берген жоқ.
БАҚ деректерінде комикке Дубайға тегін депортация ұсынылғаны, бірақ оның бұл ұсыныстан бас тартып, Қазақстанға билетті өз қаражатына сатып алғаны айтылған.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, Сабуровтың өзі де, оның заңды өкілдері де Мәскеудегі Қазақстан елшілігіне жүгінбегенін хабарлады. Сонымен қатар ведомство Ресейдің құзырлы органдарынан әртістің ұсталғаны туралы ресми ақпарат түспегенін мәлімдеді.
Ресейлік журналист әрі тележүргізуші Ксения Собчак бұл жағдайға пікір білдіріп, Сабуровқа қатысты қабылданған шешімді сынға алған.
Нұрлан Сабуров – халықаралық деңгейде танылған қазақстандық стендап-комик. Ол ТНТ арнасындағы Stand Up жобасы арқылы танылып, кейін кең аудиторияға танымал болған «Что было дальше?» YouTube-шоуының жүргізушілерінің бірі ретінде белгілі.
Айта кетейік, 2025 жылдың мамыр айында Сабуров Мәскеудегі Шереметьево әуежайында көші-қон заңнамасын бұзды деген айыппен ұсталған болатын. Сол кезде оған 5,5 мың рубль көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Фото: instagram.com/labelcomedians



