Қазақстанда мұнай мен алтын қоры қанша жылға жетеді
Мемлекет есебінде тұрған пайдалы қазбалар қорының ішінде 4 миллиард тоннадан астам мұнай бар

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Қазақстанда мұнай, алтын және өзге де пайдалы қазбалар қоры қанша жылға жететінін айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Шыны керек, “қанша жылға жетеді?” деп сұрау дұрыс емес. Өйткені қандай жағдай болмасын барлау жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Қорлар толықтырылып, пайдалы қазбалардың қорын арттыру үшін жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу жұмыстары атқарылады, – деді ведомствоға қарасты Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев.
Ол елде шамамен қандай қор бар екенін және қазіргі өндіріс көлеміне сай олардың қанша жылға жететінін айтты.
Шамамен айтсақ, мемлекет есебінде тұрған пайдалы қазбалар қорының ішінде 4 миллиард тоннадан астам мұнай бар. Қазіргі өндіру көлемін ескерсек, бұл қор шамамен 50 жылға жетеді. Ал алтын қоры мемлекеттік есеп бойынша, 2,3 мың тонна шамасында. Қазіргі өндіріс қарқынымен бұл қор бізге шамамен 37 жылға жетеді, – деді Қанат Ерубаев.
Коллаж: Canva



