Басты жаңалықЖаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі банктің таза пайдасы 10 еседен астам өскен

«Азия-Тынық мұхиты банкі» Еуроодақтың 16-санкциялық пакетіне енгізілуі мүмкін ресейлік ұйымдардың қатарына кірген

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке қоры бақылауындағы ресейлік «Азия-Тынық мұхиты банкі» (АТБ) соңғы бес жылда таза пайдасын айтарлықтай арттырды. Банктің таза табысы 2021 жылғы 1,5 млрд рубльден өткен жылы 16 млрд рубльге (шамамен 102 млрд теңге) дейін өскен. Бұл көрсеткіш бойынша АТБ Қазақстандағы ең ірі он банктің қатарына ене алар еді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Бұл туралы “Выход к морю” Telegram-арнасы жазды.

Ресей Орталық банкінің сайтындағы есепке сәйкес, өткен жылы Қазақстанның тұңғыш президентімен байланысты банк пайдасын 50 пайызға арттырған. Ал Ресейдің жалпы банк секторында табыс керісінше шамамен 8 пайызға төмендеген. Осы бес жыл ішінде банктің активтері 134,5 млрд рубльден 338 млрд рубльге дейін ұлғайып, өңірлік қаржы ұйымының Ресейдегі ең ірі отыз банктің қатарына кіруіне мүмкіндік берген. Бұл тізімде АТБ-дан бөлек, аустриялық Raiffeisen, венгриялық OTP Group, америкалық Citigroup және италиялық UniCredit банктерінің еншілес ұйымдары ғана халықаралық санкцияларға ілікпеген.

2018 жылы Ресей Орталық банкі АТБ иелерін қаржылық пирамида құруы мүмкін деп күмәнданып, банкті қаржылық сауықтыруға жіберген. Банктің тең иелерінің бірі, ресейлік кәсіпкер Андрей Вдовин ірі көлемдегі қаржы жымқыру және алаяқтық жасады деп айыпталып, сырттай сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Ол бұл уақытта Ресейден кетіп үлгерген. Вдовин Forbes басылымына берген сұхбатында банк күйреуінің алдын алуға болатынын, бірақ бұл жөнінде Ресей Орталық банкімен келісімге келе алмағанын айтқан.

2021 жылы Ресей Банкі АТБ-ның 100 пайыз акциясын аукцион арқылы 14 млрд рубльге Jusan тобына кіретін Pioneer Capital Invest басқарушы компаниясына сатқан. Бұған дейін бұл компанияға ресейлік «Квант мобайл банк» те тиесілі болған. Кейін екі банк біріктіріліп, АТБ атауымен жұмысын жалғастырған.

Pioneer Capital Invest активтерінің нақты көлемі 2022 жылдың қаңтарында белгілі болды. Сол кезде бұл құрылымның жиынтық капиталы 7,8 млрд доллардан асатыны анықталған. Оның құрамында Jusan қаржы тобы, жылжымайтын мүлік, жеке ұшақ, бірқатар қазақстандық БАҚ, АҚШ қазынашылық вексельдері, Қырғызстан мен Қазақстанның мемлекеттік облигациялары және 3,4 млрд доллар қолма-қол қаражат болған.

Сол жылы Қазақстанда Jusan тобының активтерін елге қайтару бойынша ұзаққа созылған процесс басталды. Бұл активтер әртүрлі қаржылық операциялар арқылы Назарбаевқа байланысты Pioneer Capital Invest бақылауындағы шетелдік құрылымдардың қарауына өткен еді. 2023 жылдың жазына қарай тараптар келісімге келіп, өзара талап-арыздарын қайтарып алды. Нәтижесінде Jusan активтерін бақылау Ахметжан Есімовтің бұрынғы күйеу баласы Ғалымжан Есеновке өтті.

2024 жылы британдық Jusan Technologies компаниясының есептілігінен Назарбаев отбасы бірнеше миллиард долларға бағаланған активтер үшін небәрі 127 млн доллар алғаны белгілі болды. Қазір Ұлыбританияда аталған мәмілені мақұлдағаны үшін Jusan Technologies компаниясының үш директорына пара алды деген айыппен сот процесі жүріп жатыр.

Өткен жылдың қаңтарында «Азия-Тынық мұхиты банкі» Еуроодақтың 16-санкциялық пакетіне енгізілуі мүмкін ресейлік ұйымдардың қатарына кірген. «Настоящее время» басылымының мәліметінше, санкция тізіміне ұсынылған 15 банктің басым бөлігі кейін шектеуге ілінген. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты банк пен Тимур және Динара Құлыбаевтарға тиесілі бұрынғы Halyk Bank-тің еншілес ұйымы «Москоммерцбанк» санкциядан тыс қалған.

Коллаж: Ztb.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button