15 наурыз Конституция күні болып бекітілуі мүмкін
Құрылтай 1 қыркүйектен бастап жұмысын бастауды жоспарлап отыр

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жаңа Конституция референдумда қолдау тапса, 15 наурыз Конституция күні болып бекітілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Әшімбаевтың сөзіне қарағанда, өтпелі ережелерге сәйкес, Конституция күні ретінде құжаттың күшіне енген уақыты емес, қабылданған күні белгіленеді. Ал жаңа Конституция 15 наурызда қабылдануы ықтимал. Сондықтан халық референдумда қолдау білдірсе, Қазақстанда Конституция күні 15 наурыз болып өзгеруі мүмкін.
Сондай-ақ Сенат төрағасы жаңа Конституция қабылданған жағдайда Сенат өз өкілеттігін 1 шілдеде тоқтататынын жеткізді. Оның айтуынша, өтпелі нормаларға сәйкес Сенат пен Мәжіліс таратылғаннан кейін екі ай ішінде жаңа сайлау өтуі тиіс.
Жаңа Парламент – Құрылтай 1 қыркүйектен бастап жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Егер халық жаңа Конституцияны қолдаса, қазіргі Парламент 1 шілдеге дейін жұмысын жалғастырып, одан кейін жаңа құрам жасақталады.



