Басты жаңалықЖаңалықтар

Үлкен Алматы каналын жаңартқан жұмысшылар айлап жалақысыз жүр

Мердігер компания жұмысшыларға 24 миллион теңге қарыз

Алматыда Үлкен Алматы каналы мен бірқатар нысандарды қайта жаңғыртқан құрылысшылар бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүр. Олар қыркүйек-қазан айларынан бері еңбекақы төленбегенін айтып, мердігер компаниядан жауап ала алмай отырғандарын жеткізді, деп хабарлайды NewsMedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жұмысшылардың айтуынша, олар Үлкен Алматы каналы, Баума тоғайы және Сайран көлі аумағында инженерлік желілерді ауыстырып, жағалауды бекітіп, нысандарды жөндеген. Алайда еңбекақысы толық төленбеген.

Сергей Чернетскийдің сөзінше, бригадасы қазан айынан бері бір тиын да алмаған.

Ай сайын шамамен 2,8-3 миллион теңге көлемінде еңбекақы есептелуі тиіс болған. Бірақ компания кеңсесіне барған сайын “басшы жоқ”, “жиналыста” деген сылтаулар айтады, – деп шағымданды Сергей Чернетский.

Теміртаудан келген Жәнібек Ермағамбетовтің бригадасында 10-нан астам адам жұмыс істейді.

Тек бригаданың өзіне 24 миллион теңге қарыз. Жеке өзіне 4 миллион теңге берешек. Бұған қоса, компания жұмысшылардың пәтерақысы мен тамағын өтеуге уәде бергенімен, ол міндеттемелер де орындалмаған, – деп ашуланды Жәнібек Ермағамбетов.

Үлкен Алматы каналы 62 жыл бұрын Дінмұхамед Қонаевтың бастамасымен салынған ірі су шаруашылығы нысаны. Өткен жазда мұнда ауқымды жөндеу басталып, арна түбі тазартылып, бетондау жұмыстары жүргізілген.

Каналға күрделі жөндеу жүргізу тапсырысы Павлодарский речной порт компаниясына берілген. Бұл компания Сайран көлін қайта жаңғырту жұмыстарына да қатысқан. Алайда компания өкілдері жұмысшыларға қарыз емес екенін айтып отыр. Олардың мәлімдеуінше, негізгі мердігер “СТ Сервис” атты субмердігермен жұмыс істеген, ал жалақы төлеу міндеті сол ұйымға жүктелген.

Қазір “СТ Сервис” компаниясының кеңсесі жабық, өкілдері байланысқа шықпай отыр. Алматы қалалық еңбек инспекциясы бұл мәселеге араласқан. Мемлекеттік инспектор Алмат Қалдыбаевтың айтуынша, жұмыс беруші берешек себептерін нақты түсіндірмеген, бірақ 2026 жылдың 20 наурызына дейін жалақыны төлеуге уәде берген. Жұмысшыларға ресми түрде жазбаша өтініш беру ұсынылды.

Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін компанияға 500 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Басшылыққа қарызды өтеу үшін бір ай мерзім берілген.

Фото: Видеодан скрин

Басқа жаңалықтар

Back to top button