Несие алу қиындайды: Қазақстанда 1 наурыздан бастап не өзгереді
Бұл шара несие портфелінің сапасын жақсартуға және қаржыны кәсіпкерлік мақсаттарға бағыттауға ықпал етеді

Биыл 1 наурыздан бастап Қазақстанда салық жүйесі, банк секторы және құқық саласына қатысты бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Салық саласындағы өзгерістер
2026 жылғы 1 наурыздан бастап арнаулы салық режимдерін (жеңілдетілген декларация немесе бөлшек салық) қолданатын кәсіпкерлер жаңа режимді таңдау туралы хабарлама тапсырмаса, автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық тәртібіне көшіріледі.
Ал патент негізінде немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген жеке кәсіпкерлер тиісті хабарламаны уақытында бермеген жағдайда, жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шығарылып, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде қызметін жалғастыра алады.
Банк секторындағы жаңашылдықтар
Енді барлық коммерциялық банктер тұрғын үй құрылыс жинақтарына салынған қаражатты тарту құқығына ие болады. Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам нарықтағы бәсекелестікті арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар, тұтынушылық несие беру талаптары күшейтіледі. Қаржы кеңесшісі Арман Байғановтың айтуынша, егер клиенттің мерзімі өткен берешегі болса, банк несие беруден бас тартуға құқылы. Бұл шара несие портфелінің сапасын жақсартуға және қаржыны кәсіпкерлік мақсаттарға бағыттауға ықпал етеді.
Отбасы заңнамасындағы өзгерістер
Отбасылық құқық нормаларына да түзетулер енгізілді. Енді ажырасу кезінде мүлікті бөлуге байланысты даулар бойынша үш жылдық талап қою мерзімі неке бұзылған күннен емес, мүліктік құқық бұзылған сәттен бастап есептеледі.
Алимент өндіру тәртібі де жаңартылды. Адвокат Евгений Яворскийтің түсіндіруінше, бұрын шетелде тұратын азаматтардың табысын анықтау қиын болатын. Енді сот мұндай жағдайларда алиментті нақты ақшалай сома түрінде белгілей алады, бұл берешекті есептеу мәселесін жеңілдетеді.
Дәрігерлерді қорғау шаралары
1 наурыздан бастап медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен немесе қоқан-лоқы жасаған азаматтарға қатысты жаза қатаңдатылады. Қылмыстың ауырлығына қарай ірі көлемде айыппұл салу немесе денсаулыққа ауыр зиян келтірілген, не адам өліміне әкеп соққан жағдайда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Денсаулық сақтау сарапшысы Вячеслав Локшинтің пікірінше, кей жағдайда дәрігерлерге қатысты агрессия ем нәтижесіне көңіл толмаудан туындайды. Дегенмен барлық мәселе заң аясында шешілуі тиіс.
Саяси оқиға
Наурыз айындағы маңызды саяси шаралардың бірі — жаңа Конституция жобасы бойынша референдум өткізу. Дауыс беру 15 наурызға жоспарланған.
Фото: syrboyi.kz



