Басты жаңалықҚоғам

1 наурыз: Алғыс айту күні ме, әлде тарихи шындықты жұмсарту күні ме?

Бүгінде мереке «барша халық бір-біріне рахмет айтатын» жалпылама, қауіпсіз формулаға айналып барады. Бірақ шындық бұлай емес

1 наурыз – Қазақстанда ресми түрде Алғыс айту күні. Бұл дата Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күнмен байланыстырылып, «барша этностардың бір-біріне алғыс білдіретін мерекесі» ретінде сипатталады. Алайда сұрақ туындайды: шынымен бұл күні бәріміз бір-бірімізге алғыс айтуымыз керек пе? Әлде тарихи әділдік басқаша ма? Бұл туралы NewsMedia.kz тілшісі жазды.

Тарихты ұмытсақ – мән жоғалады

ХХ ғасырдың қасіретті жылдары. Сталиндік депортациялар. Миллиондаған адам күштеп қазақ даласына көшірілді. Пойыздардан аш-жалаңаш, тағдыр тәлкегіне түскен халық түсті.

Сол кезде қазақтың жағдайы қандай еді? Ашаршылықтан енді ғана еңсесін тіктей бастаған, өзі қырғын көрген халық болатын. Соған қарамастан, келгендерді жатсынған жоқ. Соңғы нанын бөлісті. Үйінің бір бұрышын босатты. Аман қалуына себеп болды.

Бұл – эмоция емес. Бұл – тарихи факт.

Сонда кім кімге алғыс айтуы керек?

Бүгінде Алғыс айту күні «барша халық бір-біріне рахмет айтатын» жалпылама, қауіпсіз формулаға айналып барады. Бірақ шындық бұлай емес.

Егер тарихи әділдікке жүгінсек, 1 наурыз – ең алдымен, өзге этнос өкілдері қазақ халқына алғыс айтатын күн болуы керек. Себебі сол қиын заманда құтқарушы рөлін атқарған – қазақ халқы.

Бұл ешқандай ұлтшылдық емес! Бұл – тарихи шындық!

Шынайы татулық неден басталады?

Кейбіреулер мұндай көзқарас қоғамды екіге бөледі деп қауіптенуі мүмкін. Керісінше, шынайы татулық ақиқатты мойындаудан басталады. Тарихты жұмсартып, бәрін теңестіріп жіберу – әділдік емес.

Қазақстан – ортақ үй. Бірақ сол үйдің іргесін қиын кезде сөгіліп кетпейтіндей ұстап қалған халық бар. Егер біз соны ашық айта алмасақ, онда Алғыс айту күнінің мәні неде?

Алғыс – нақты адресі болғанда ғана құнды деп ойлаймыз.

1 наурыз – формалды құттықтау күні емес, тарихи жады күні болуы тиіс. Және ол жады қазақ халқының кеңдігі мен адамгершілігін ұмыттырмауы керек.

Фото: otbasym.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button