Алматыда белгілі қоғам қайраткері Оразалы Ержанов қамауға алынды
Оның Конституция жобасын және референдумды жедел өткізу бастамасын сынағаны белгілі

Белгілі қоғам қайраткері Оразалы Ержанов қамауға алынды. Бұл туралы ҚазТАГ жазды деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Жұбайының айтуынша, Оразалы Ержановты түнде алып кеткен, үйінде тінту жүргізілген. Оған 10 тәулікке қамау жазасы берілген. Себебі әзірге белгісіз, – деп жазды бейсенбі күні белгілі журналист Гүлжан Ерғалиева әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қоғам белсендісінің ұсталғаны туралы ақпаратты Қазақстанның Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы (ҚМБПБ) да растады.
Алматыда Оразалы Ержановтың ұсталғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ол Elge Qaitaru қоғамдық қорының құрылтайшысы әрі жетекшісі болып табылады. Аталған ұйым елден заңсыз шығарылған активтерді қайтаруға жәрдемдеседі. Бұған дейін ол ұзақ уақыт Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, қаржы вице-министрі, “Қазпошта” АҚ басқарма төрағасы, Халық банкі төрағасының орынбасары, KEGOC вице-президенті, “Наурыз банкінің” басқарма төрағасы қызметтерін атқарған, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, қамауға алуға не себеп болғаны әзірге белгісіз. Алайда Ержановтың Конституция жобасын және референдумды жедел өткізу бастамасын сынағаны белгілі.
КазТАГ редакциясы түсініктеме алу үшін Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сұрау жолдаған.
Фото: ашық дереккөз



