Financial Times Хаменеиға жасалған қастандық туралы егжей-тегжейлі мәліметтерді жариялады
Камералардың бірі Иранның жоғары басшылығының күзетшілері мен жүргізушілері көліктерін қоятын орынның маңында орналасқан

Израиль барлау қызметі Тегерандағы жол қозғалысын бақылайтын бейнекамераларды бұзып, бірнеше жыл бойы солардан мәлімет алып отырған. Бұл оларға Иранның жоғары лауазымды шенеуніктерінің жүргізушілері мен күзетшілерін бақылауға мүмкіндік берген. Бұл туралы Financial Times газетіне барлау саласындағы дереккөздер хабарлаған. Жиналған мәліметтер Израиль мен АҚШ-тың Иранға жасаған соққыларын жоспарлауға көмектескен. Сол шабуылдар салдарынан елдің Жоғарғы рухани жетекшісі Әли Хаменеи қаза тапқан, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Әли Хаменеидің ұлы Иранның Жоғарғы жетекшісі болып сайланды
Газетке сұхбат берген дереккөздің айтуынша, Израиль барлау қызметі Тегерандағы жол қозғалысын бақылайтын камералардың басым бөлігін бұзып кірген. Бірнеше жыл бойы сол камералардан алынған бейнелер шифрланған түрде Израильдегі серверлерге жіберіліп отырған. Камералардың бірі Иранның жоғары басшылығының күзетшілері мен жүргізушілері көліктерін қоятын орынның маңында орналасқан.
Камералардан алынған деректер және басқа да ақпараттар Израиль барлауына Иранның қауіпсіздік қызметі қызметкерлері туралы толық дерекқор жасауға мүмкіндік берген. Олар қайда тұратынын, қашан жұмыс істейтінін, қызмет орнына қалай жететінін, ең бастысы — кімдерді күзетіп, тасымалдауы тиіс екенін анықтаған.
Financial Times мақаласында айтылғандай, Израиль барлау қызметі іс жүзінде ирандық шенеуніктер мен олардың қарамағындағы адамдардың өмірін нақты уақыт режимінде бақылап отырған. Бомбалау басталмас бұрын-ақ «біз Тегеранды Иерусалимді білгендей жақсы білдік», – дейді барлау қызметінің бір қызметкері.
Иранға қарсы операция бірнеше ай бойы жоспарланған. Шешім АҚШ пен Израиль барлау қызметтері Хаменеи 28 ақпан күні таңертең Тегерандағы резиденциясында жоғары лауазымды шенеуніктермен кездесетінін растаған кезде қабылданған. Израиль бұл мәліметті, соның ішінде, бейнебақылау камераларынан алынған деректер арқылы білген. Ал америкалықтарға бұл ақпаратты бір информатор растаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп бомбалауды бастау туралы бұйрықты Техасқа бағыт алған президенттік ұшақтың бортында отырған кезде берген. АҚШ Қарулы күштері Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы Дэн Кейннің айтуынша, америкалық әскерилер израильдік жойғыш ұшақтарға жол ашу үшін кибершабуылдар жасаған. Бұл шабуылдар Иранның қорғаныс жүйесін «бұзып, әлсіретіп және соқыр күйге түсірген».
Өз кезегінде Израиль ондаған ұялы байланыс мұнараларын істен шығарып, соның салдарынан Хаменеи күзеті шабуыл туралы ескерту ала алмаған.
Хаменеи мен иран режимінің басқа да жоғары лауазымды өкілдерін соғыстың алғашқы күнінде-ақ жою туралы шешім қабылданған. Себебі Израиль мен АҚШ бомбалау басталғаннан кейін олар бункерлерге жасырынуы мүмкін деп қауіптенген.
Израиль ұшақтары Хаменеи резиденциясына 30-ға жуық бомба тастаған. Иран билігі Хаменеи Израиль мен АҚШ жасаған соққы нәтижесінде қаза тапқанын ресми түрде растады.
Сонымен қатар Иранның Құм қаласындағы Сарапшылар ассамблеясының ғимаратына да соққы жасалған. Шабуыл ауқымды әскери операцияның төртінші күні болған. Бұл оқиға туралы ақпараттар бір-біріне қайшы келеді. Ирандық Tasnim және IRIB ақпарат құралдары ғимарат негізгі емес, қосалқы нысан болғанын немесе шабуыл алдында эвакуацияланғанын және сол кезде жиналыс үшін пайдаланылмағанын айтады. Ал кейбір араб және израильдік БАҚ кеңес мүшелері арасында көптеген қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін хабарлаған.
Дереккөз: The Financial Times
Фото: SkySatScene/Vertical52



