Елімізде ет бағасы шарықтап кетті: Ауыл шаруашылығы министрлігі пікір білдірді
Шенеунік Қазақстан етпен қамтамасыз етілмеген деген пікірмен келіспейтінін айтты

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанда неліктен ет бағасы қымбаттап кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрінен Қазақстанда мал шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бар болса да, неге ет бағасы қымбаттап кеткені сұралды.
Шенеунік Қазақстан етпен қамтамасыз етілмеген деген пікірмен келіспейтінін айтты.
Қазақстан етпен қамтамасыз етілмеген деген тұжырым дұрыс емес. Мысалы, сиыр етіне қатысты айтар болсақ, төс және жауырын бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне кіреді. Қазір бұл тізім кеңейтіліп, оған сиыр етінің жұмсақ бөлігі мен тартылған ет те енгізілді. Жалпы қызыл еттің барлық түрі бойынша біз толық қамтамасыз етілгенбіз, – деді вице-министр.
Ербол Тасжүрековтің айтуынша, қазір Қазақстанда жылына шамамен 430 мың тонна ет өндіріледі. Ал елдің ішкі қажеттілігі шамамен 400 мың тонна.
Сатып алушылар бұл әсерді сезінбейді дегенге келсек, түсінікті себеп бар: көршілес елдерге, әсіресе Өзбекстанға ет экспорты көп. Себебі біздің ет өнімдерімізге сұраныс жоғары. Бұл біздің бәсекелік артықшылығымыз. Оның үстіне, ол жақта бағалар ішкі нарықпен салыстырғанда жоғары. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер сыртқы нарыққа экспорттауға көбірек ұмтылады. Дегенмен біз үшін ең басты міндет алдымен ішкі нарықты қамтамасыз ету, – деді ол.
Фото: ашық дереккөз



