Жаңалықтар

Бүгін – жазушы-драматург Қалихан Ысқақтың туған күні

Ол Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында туған

Бүгін жазушы-драматург, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жамбыл атындағы Халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақтың (1935-2014) дүниеге келгеніне 91 жыл толды, деп хабарлайды NewsMedia.

Ол Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін, Мәскеудегі Мемлекеттік кино жанындағы режиссерлер мен сценаристердің жоғары курсын бітірген.

«Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Халық конгресі» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Парасат» журналдарында бөлім меңгерушісі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының үшінші шығармашылық бірлестігінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Оның «Дос хикаясы», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Күреңсе», «Қоңыр күз еді» повестер жинағы, «Березовая роща», «Кедры высокие» жинақтары, «Тұйық», «Қара орма», «Ақсу – Жер жәннаты» романдары, «Жарық дүние» пьесалар жинағы жарық көрген. Сонымен қатар «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Қылкөпір», «Мазар», «Революция сарбазы», «Ерліктің екі сағаты», «Приказ остается в силе», «Двое в степи», «Апатай», «Жәке-жәкетай», «Сайқының тұқымдары» атты жиырмаға жуық пьесасы республикалық, облыстық драма театрларының репертуарларына енді.

Бүкілодақтық экранға шыққан «Ұшы-қиырсыз жол», «Сарша тамыз», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда» атты толықметражды фильмдердің сценарийлерін жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Аударма саласында Л.Толстойдың, А.Чеховтың, И.Тургеневтің, А.Куприннің, И.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған.

Фото: adebiportal.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button