Бірнеше адам өлтірген қылмыскер бостандыққа шығып, блогер болып кеткен
Ол 12 жасында жетім қалып, жастайынан қылмыстық жолға түскен

Румынияда бірнеше адамды өлтіргені үшін сотталған сериялы қылмыскер Мариус Чампар түрмеден босап, кейін әлеуметтік желіде блогер ретінде танымалдыққа ие болды, деп хабарлайды NewsMedia Need To Know басылымына сілтеме жасап.
1997 жылы сот 51 жастағы Мариус Чампарды бірнеше кісі өлтіру және қатыгез тонау әрекеттері үшін 99 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кескен. Ол 12 жасында жетім қалып, жастайынан қылмыстық жолға түскен. Тергеу деректеріне сәйкес, 1994-1997 жылдар аралығында Чампар бірнеше ауыр қылмыс жасап, алты адамның өмірін қиған. Құрбандарының арасында қарт адамдар да болған. Мәселен, ол жаңа жыл түні 84 жастағы әйелді өлтірген.
Сот процесі кезінде тергеушілер мен судьялар оның аса қатыгез әрекеттер жасағанын және жасаған қылмысына еш өкінбегенін атап өткен.
Соған қарамастан, 2020 жылы Чампар «жақсы мінез-құлқы үшін» мерзімінен бұрын босатылды. Бұл шешім Румыния қоғамында үлкен дау тудырған.
Бостандыққа шыққаннан кейін ол әлеуметтік желіде блог жүргізе бастады. Қазіргі уақытта оның парақшасына шамамен 200 мың адам жазылған. Чампар жариялаған видеоларда өзінің қылмыстық өткен өмірі, түрмеде өткізген жылдары және бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделу жолы туралы айтады.
Алайда оның соңғы мәлімдемелері қоғамда тағы да наразылық туғызды. Ол 15 жасар жасөспірім мен оның достары 13 жастағы қызға шабуыл жасаған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, келесі құрбан қыздың анасы болуы мүмкін деген болжам айтқан. Көптеген тұрғын мұндай мәлімдемелер қоғамдық пікірге кері әсер етуі және тергеу жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін екенін айтып, сынға алды.
Фото: Need To Know



