Атышулы «атыраулық хакер» Түркияда ұсталды
Тергеу нұсқасы бойынша, ол адамдарды әртүрлі сылтаумен алдап келген

Әлеуметтік желіде өзін «Атыраулық хакер» деп таныстырған Атырау облысының тұрғыны Түркияда ұсталды, деп хабарлайды NewsMedia.
Мәліметке сәйкес, Интерпол қызметкерлері күдіктіні Түркияның Самсун қаласында қолға түсірген. Қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.
Атырау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, ер адам бірнеше алаяқтық эпизоды бойынша күдікке ілінген. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу нұсқасы бойынша, Құрманғазы ауданының тұрғыны адамдарды әртүрлі сылтаумен алдап келген. Ол инвестицияға ақша салу, IT саласында оқыту, әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұғаттан шығару, қаржы шешіп беру немесе техника сату секілді ұсыныстар айтып, азаматтардан ақша алған. Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген шығын көлемі 13 миллион теңгеден асады.
Биыл қаңтар айында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіні сырттай қамауға алу туралы санкция берген. Осыдан кейін оған халықаралық іздеу жарияланған.
Прокуратураның мәліметінше, ақпан айында күдікті Түркияның Самсун қаласында ұсталған. Қазір Қазақстанның Бас прокуратурасы оны елге қайтару үшін тиісті экстрадициялық рәсімдерді жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, ер адам жыл басында әлеуметтік желілерде кеңінен танылған. Ол Атырау облысында жоғалып кеткен бір отбасының ісі бойынша «жеке зерттеу жүргізіп жатырмын» деп, түрлі видеолар жариялаған. Бейнежазбаларда ол болжамды геолокациялар, телефон байланыстары және басқа да «деректерді» көрсеткен.


