Басты жаңалықЖаңалықтар

Қазақстанда жаңа жәрдемақы енгізілуі мүмкін

Еуроодақ елдерінде әрекетке қабілетсіз ересектерге күтім жасау әлеуметтік маңызы бар қызмет ретінде қарастырылады

Мәжілістің пленарлық отырысында депутат Әділ Жұбанов сот шешімімен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толған азаматтардың қамқоршыларына әлеуметтік қолдау жеткіліксіз екенін көтерді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Оның айтуынша, бұл санаттағы азаматтарға күтім жасап отырған адамдар, әсіресе, II және III топтағы мүгедектігі бар және психикалық аурулары бар жандардың қамқоршылары тиісті деңгейде қорғалмаған.

Депутат халықаралық тәжірибеге назар аударды. Атап айтқанда, Еуроодақ елдерінде әрекетке қабілетсіз ересектерге күтім жасау әлеуметтік маңызы бар қызмет ретінде қарастырылады. Кейбір мемлекеттерде мұндай қамқоршыларға арнайы төлемдер беріледі, күтім уақыты еңбек өтіліне есептеледі, ал зейнетақы жарналары мемлекет есебінен төленеді.

Осыған байланысты Әділ Жұбанов Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, ол қамқоршыларға мемлекеттік төлем енгізуді, күтім жасау кезеңін еңбек өтіліне қосуды және осы уақыт аралығында зейнетақы жарналарын мемлекет есебінен төлеуді ұсынды.

Сонымен қатар депутат бұл санаттағы азаматтардың құқықтық мәртебесін нақтылап, оларды әлеуметтік қорғау жүйесінің толыққанды субъектісі ретінде бекіту қажеттігін атап өтті.

Фото: Getty Images/iStockphoto

Басқа жаңалықтар

Back to top button