Билік, білім және жаңа элита
Бұл жерде биліктің ең үлкен жақсылығы — потенциалы бар адамдарды тұншықтырмау

Автократ билік азаматтардың санасын түзегісі келіп, қалай өмір сүру керектігін үйретуге құмар екенін білеміз ғой. Рухани жаңғыру сияқты қаншама бағдарлама болды, сендер дұрыс адам емессіңдер, «ақ адамдар» сияқты былай істеңдер, былай өмір сүріңдер, былай ойлаңдар дейтіні бәріміздің жүйкемізге тие бастағалы қай заман?
«Қазақтар жалқау халық, еңбек ету керек» деп еді екінші президент билікке келгеннен екі-үш айдан кейін. Бүгін университетке барып елдің менталитетін ғылыми бағытқа бұру керек деп отыр.
Халық болғасын ішінде ақымағы көп, ақылдысы аз болады, ол қалыпты нәрсе. Биліктің ең үлкен жақсылығы бұл жерде — потенциалы бар адамдарды тұншықтырмау. Соның ішінде журналистика демей-ақ қояйын, орта білім саласына пропаганда қоспау, бала кезден критикалық ойлауына кедергі келтірмеу. Әйтпесе бірнеше толқын мектеп бітірмей жатып пропаганданың құрбаны болды.
Оқуда үздіктері «қазақ қана ұлы халық», «орыстың бір декабрисі біздің қонақжайлығымызға таң қалған», «байлар оңбаған, кедейлер еңбекқор, ақылды», «орыс тілін білу міндет», «мұғаліммен келіспеу қылмыс» деп санасы қалыптасты. Бұндай «озат» оқушылардан қайбір реформатор шықсын сосын.
Оқуды қатырмаса да Наурыз бен республика күнінде ән салып, би билейтін белсенділер жүйені айналып өтуді, тікелей міндетті орындамай, мұғалімдерге басқа жағынан ұнап жақсы баға алуды меңгерді. Қазіргі саяси белсенділер, елге ақыл айтатын блогерлер, пропаганда министрлігі, жалпы кез келген мәдени-ақпарат саласындағы мамандардың көбі солар. Олардың деңгейі әлі сол ашық сабақ пен жігіт сұлтаны, квн деңгейінде қалып қойған, кешегі Конституция референдумына дайындық пен өткізілуін еске түсіріп көріңіздерші.
Не сабақты қатырмаған, не белсенді болмаған қалғандары жалтақ болып өсті. Жоғары сынып балаларының алдында өз құқығын қорғай алмай, сырттай сотқар болып көрінсе де мұғалім мен жалпы жүйеден қорқумен өсті. Олардың есейе келе есі кіріп «түзелгендері» жүйеге кіріп, модный тілмен айтқанда ойын ережесін қабылдап, нағыз беспринципный адамдарға айналды. Назарбаевқа табынып, бір аптадан кейін Тоқаевтың ктіне кірген шенеуніктер мен шенеунік еместердің бәрі солар. Оларға елдік шешім қабылдауды сеніп тапсыру қауіпті.
Білім саласын саясаттың құрбаны қылған билік осылай шала жаңа қазақ ұлтын қалыптастырды. Ондай ұлт билеуге де, қанауға да оңай еді. Бір қызығы бұл ешқандай да Геббельстің немесе Тәжин, Қариндердің ұлы саналы стратегиясы емес, кеңестік жоспарлы экономика мен есеп беретін жалғыз идеологияның сарқыншағы. Бірақ ерте Қазақстандағы ат төбеліндей элитаға бұл тағдырдың берген сыйы еді.
Уақыт өте келе 2000 жылдар соңына қарай жаңағы ат төбеліндей ғана элита кейін үлкен бір тапқа айналды, бюджет ақшасының айналасына құрылған квазимем компаниялардың директорлары мен контрагенттері өсіп-өніп, олар балаларын қара халықпен бірге оқытпаудың бір амалын тапты. Ірілі-ұсақты жеке меншік, мемлекеттік любимчик мектептер пайда болды. Қазақ даласында алғаш рет «критикалық ойлау», «индивид», «стартап», «проект», «балама пікір», «жеке шекара» деген сөздер алғаш осы мектептерде айтыла бастады;). Өйткені бұл мектептер элитаның балаларын пропагандаға шалдықтырмай оқытуы керек еді.
Сол мектеп түлектері мен элитаны жанынан алғаш студент болғанда көрген Болашақ сияқты бағдарламалардың түлектері ес жиып, жан жағын тани бастағанда қоғамның жағдайын сырт көзбен көріп, бағалай бастады, бәрі емес, бірен-сараны, соның өзі жеткілікті еді, өйткені олардан басқалары бірдеңенің дұрыс емес екенін түйсікпен білгенімен, өзіне өзі нақты түсіндіріп бере алмайтын.
Жоғарыда аталған үш түрлі оқушылар автократ қоғамда өз орындарын тауып сіңісіп жатты, төртінші тап болып элиталық мектептердің критикалық ойлай алатын түлектері жүрді. Оларға да субидеология табылды сосын: «Сендер болашақ биліксіңдер, министр боласың демеймін, бірақ департамент директоры сен болмағанда кім болады, ары-беріден соң Самұрық пен Бәйтеректе бөлек кабинеті бар лауазымнан көп нәрсе жоқ, соның бәріне мына халықтан жоғарырақ өзің сияқты ақ адамдар керек».
Бірнеше жылдан бері осы таптың өз араларында талқыланатын осындай пікірі оларлы біріктіріп келеді, әзірге.
Бірақ, күндердің күнінде елде лауазымнан гөрі сол лауазымнан дәмелі білімді жастар көп екені байқалады, әлгілер алданғанын біледі, сол кезде қызықтың көкесі болады.
Революция көшеде емес, санада болады деген сол шығар, процесс әлдеқашан басталып кеткен, әлгілер өскенде министр боламын деп әлі үміттеніп жүр…
Бауыржан МҰҚАНОВ,
facebook-парақшасынан
Фото: facebook



