Интим видеосы тарап, басы дауға қалған ақтаулық блогер 10 тәулікке қамауға алынды
Азамат сотта кінәсін мойындамаған

Көпшілікке Хан лақап атымен танымал ақтаулық блогер Қасым Өтешов азаматтық некедегі жұбайына жақындауға және оны қорлауға тыйым салған қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды NewsMedia.kz Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Ақтау қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты 2026 жылғы 13 мамырда полиция басқармасы ер адамға қатысты 30 тәулік мерзімге қорғау нұсқамасын шығарғанын анықтады. Құжатқа сәйкес, оған азаматтық некедегі жұбайының еркінен тыс онымен кездесуге ұмтылуға, қоңырау шалуға, үйіне баруға және байланыс орнатуға тыйым салынған.
Алайда 21 мамыр күні пәтерде отбасылық жанжал болған. Жәбірленушінің айтуынша, азаматтық некедегі күйеуі құрбысының көзінше оны “и*”, “ма*” деп, балағат сөздермен қорлаған. Сот отырысында куәгер бұл сөздерді растаған.
Азамат сотта кінәсін мойындамаған. Оның нұсқасы бойынша, бірге тұратын әйелдің өзі айғай шығарып, полиция шақыратынын айтып қорқытқан. Ол өзінің заңға қайшы әрекет жасамағанын айтқан.
Сот ер адамның кінәсі хаттамамен, жәбірленушінің арызымен және куәгердің жауабымен дәлелденді деп танып, оны 10 тәулікке қамауға алды.
Қамау мерзімі 2026 жылғы 22 мамырдан бастап есептеледі. Оған 21 мамыр кешінен бері ұсталған уақыты да қосылады. Сот қаулысы 2 маусымда заңды күшіне енді.
Фото: ашық дереккөз



