Банктер қазақстандықтардың ақша аударымдары туралы мәліметін салық органдарына бере бастайды
Салық органдары есепшоты күдікке ілінген азаматтарға әуелі хабарлама жолдайды

Осы айда банктер салық органына кімнің кімге қанша ақша жібергені жайлы алғашқы есепті беріп, мобильді аударымдар арқылы қазақстандықтардың табысына бақылау жүргізбек, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, шотқа түскен қаржының тауар немесе қызмет үшін алынғаны расталса, азаматтар салық төлеуі керек. Немесе кәсіпкер ретінде тіркеліп, не кәсіппен айналыспағанын дәлелдеп, себебін түсіндіруі керек.
Айта кету керек, бұл талаптар телефонмен ақша аударғандардың бәріне бірдей қолданылмайды. 3 айда 100 түрлі адамнан ақша түссе және аударымдардың тұрақты түрде жалғасып, жалпы сома 1 миллион 200 мың теңгеден асқанда ғана бақылау жүргізіледі.
Банктер биылғы 1-тоқсанның есебін 15 сәуірге дейін тапсыруға міндетті. Салық органдары есепшоты күдікке ілінген азаматтарға әуелі хабарлама жолдайды.
Фото: Pixabaycom



