Түрмеде отырған “Дикий Арманның” әйелі онымен ажырасып кетті
Ол араларында ешқандай жанжал немесе келіспеушілік жоқ екенін жеткізді

Қаңтар оқиғаларынан кейін 20 жылға сотталған Арман Жұмагелдиев – “Дикий Арманның” жеке өміріне қатысты жаңа ақпарат пайда болды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Kaktus.media мәліметінше, қырғызстандық дизайнер Айколь Аликжанова әлеуметтік желідегі парақшасында Жұмагелдиевпен ажырасқанын хабарлаған. Оның айтуынша, олардың ортақ бір қызы бар және жақында ресми түрде бөлек кеткен. Аликжанова бұл шешімге бастамашы Жұмагелдиев болғанын атап өткен. Сонымен қатар ол араларында ешқандай жанжал немесе келіспеушілік жоқ екенін жеткізді.
Айта кетейік, Айколь Аликжанова – “Мисс Қырғызстан – 2014” және “Мисс Интернет KG – 2012” байқауларының жеңімпазы. Қазіргі уақытта ол сән индустриясында дизайнер ретінде танымал.
Еске салсақ, Қаңтар оқиғасы бойынша жүргізілген тергеу аясында Жұмагелдиевпен қатар бірқатар тұлға жауапқа тартылған. Олардың қатарында бұрынғы депутат Қайрат Құдайберген және ҰҚК полковнигі Руслан Ысқақов бар.
Сот үкіміне сәйкес, Арман Жұмагелдиев 20 жылға, Қайрат Құдайберген 8 жылға, ал Руслан Ысқақов 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Тергеу деректеріне сүйенсек, айыпталушылар бір топ адамды күш қолданып ұстап, заңсыз әрекеттер жасаған.
Бас прокуратураның мәліметінше, Жұмагелдиев 24 адамды ұрлап, оларды Алматыдағы Ritz Carlton және «Қазақстан» қонақүйлерінің автотұрақтарында заңсыз ұстаған. Сонымен қатар, 6 қаңтар күні ол “Қазақстан” қонақүйіне келген жақтастарына қару таратқаны айтылды.
Фото: Kaktusmedia


