Владимир Путин Астанаға келді
Бүгін «Еgemen Qazaqstan» газетінде РФ Президенті Владимир Путиннің мақаласы жарияланған еді

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Астана әуежайында Владимир Путинді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке өзі қарсы алды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

ҚР Әуе қорғанысы күштері Ресей президенті ұшағын ел шекарасынан күтіп алып, Астана әуежайына дейін сүйемелдеп әкелді.
Мемлекеттік сапар хаттамасына сәйкес, трап алдында Құрмет қарауылы сап түзеді.
Жас өрендер Қазақстан мен Ресейдің жалаушаларын желбіретіп, қошемет көрсетті.
Елорданың Оқушылар сарайының өнерпаздары Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін, орыс халық шығармаларын орындады.
Ресей Президенті құрамында 30-дан астам адам бар үлкен делегациямен келді. Олардың қатарында министрлер мен ірі компаниялардың басшылары бар.
Еске сала кетсек, 27-29 мамыр күндері Ресей Федерациясы Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтеді. Мемлекеттер басшылары бұл сапарда Қазақстан мен Ресей арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қатынастардың қазіргі жай-күйін, сондай-ақ оны нығайту перспективасын талқылайды.
28 мамырда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер басшыларыны қатысуымен Еуразиялық экономикалық форум өтеді. Ал 29 мамырда Жоғары Еуразиялық кеңестің отырысы ұйымдастырылады.

Бүгін «Еgemen Qazaqstan» газетінде РФ Президенті Владимир Путиннің мақаласы жарияланған еді. В.Путин екі елдің барлық саладағы өзара тиімді байланыстарын бекемдей түсуге мүдделі екенін айтып, өсіп-өркендеу жолына түскен Қазақстанға ресейліктердің құрметі ерекше екенін жеткізді.

Еске салсақ, бұған дейін Путинның Қазақстанға мемлекеттік сапарының егжей-тегжейі жарияланған болатын.
Фото: Ақорда



