Атырау облысында әкімнің орынбасары жол апатына түсіп, қаза тапты
Жүргізуші аман қалған

Атырау облысында жол апаты болып, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары 45 жастағы Ерболат Иғали қаза тапты, деп хабарлайды NewsMedia.kz “АқЖайыққа” сілтеме жасап.
Ерболат Иғали жүргізушісімен бірге қызметтік көлікпен жұмысқа бара жатқан кезде көлік тас жолда аударылып қалған. Жол апаты салдарынан шенеунік оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші аман қалған.
Атырау облысы әкімдігі шенеуніктің қаза болғаны туралы ақпаратты растап, оның жақындарына қайғыра көңіл айтты.
Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Айдынғалиұлы Игалиның кенеттен қайтыс болуына байланысты оның отбасына, туған-туыстарына, жақындарына және әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз, – делінген хабарламада.
Марқұм маусым айында 46 жасқа толар еді. Оның артында бес баласы қалды.
Ерболат Иғали еңбек жолын жергілікті газетте тілші болып бастаған. 2023 жылғы 30 қаңтардан бастап Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.
Фото: azh.kz



