Жаңалықтар

Тарихи мұраны жаңғырту: қолжазбаларды зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелері талқыланды

Ауқымды іс-шара Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Куба, Өзбекстан және Әзірбайжан елдерінен келген жетекші ғалымдардың басын қосты

Ғылым ордасында «Қазақстанның қолжазба мұрасы: реестрлеу, реставрациялау, ғылыми каталогтау, цифрландыру және кешенді кодикологиялық зерттеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы аясында «Қазақстанның қолжазба мұрасы: сақтау, зерттеу және цифрлық гуманитаристика» атты халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады, деп хабарлайды NewsMedia.kz Ғылым ордасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ауқымды іс-шара Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Куба, Өзбекстан және Әзірбайжан елдерінен келген жетекші ғалымдардың басын қосты. Іс-шараның модераторы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры Суат Бейлур болды.

Халықаралық конференцияға «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухитдин Шімшек, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, сондай-ақ Гарвард университеті жанындағы Дэвис атындағы Ресей және Еуразия зерттеулері орталығының аға ғылыми қызметкері Наргис Касенова, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, архивистер, кітапханашылар, музей мамандары, ғалымдар, цифрлық гуманитаристика саласының зерттеушілері қатысты.

Екі күндік конференция аясында «Цифрлық инновациялар және қолжазба мұрасы», «Қолжазба мұрасын сақтау және архивтік тәжірибе», «Кодикология және қолжазбатану» бағыттары бойынша пленарлық баяндамалар, панельдік пікірталастар және ғылыми секциялық жиындар ұйымдастырылды. Конференция Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты қолжазба қорларын зерттеу саласындағы заманауи ғылыми ізденістерді, сақтау стратегиялары мен инновациялық тәсілдерді талқылауға бағытталған.

Қазақ ғылымының қара шаңырағында өтіп отырған бұл халықаралық конференция қолжазба мұрасын зерттеу, сақтау және цифрландыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған маңызды ғылыми алаңға айналып отыр. Қолжазбалар – халқымыздың тарихи жады мен рухани мұрасын сақтаған баға жетпес құндылық. Сондықтан оларды ғылыми айналымға енгізу, заманауи технологиялар арқылы қолжетімді ету және болашақ ұрпаққа жеткізу – ортақ міндетіміз. Бүгінгі жиын отандық және шетелдік ғалымдардың тәжірибе алмасуына, жаңа ғылыми байланыстардың орнауына және бірлескен зерттеулердің дамуына ықпал етеді, – деді «Ғылым ордасы» РМК бас директоры Нұрлан Сейдін.

Конференцияның алғашқы күнінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы қолжазба қорларының қалыптасу тарихы, оларды сақтау, басқару, консервациялау және реставрациялаудың заманауи әдістері талқыланды. Мамандар сирек қолжазбаларды анықтау, ғылыми каталогтаудың халықаралық стандарттары мен АҚШ кітапханаларындағы ислам қолжазбаларын зерттеу, консервация және реставрациялау мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар жиында цифрлық гуманитаристиканы дамыту, шағатай тіліндегі мәтіндерді тану, метрикалық кітаптарға арналған OCR модельдері мен тілдік корпустар құру, сондай-ақ қолжазбаларды зерттеуге арналған цифрлық құралдарды қолдану мәселелері кеңінен қаралды.

Халықаралық жиынның екінші күнінде Шәкәрім шежіресіндегі уранхайлар тарихы, Қазақстан мен Орталық Азиядағы парсы және шағатай тілдеріндегі қолжазбаларды зерттеу, Шыңжаңның қолжазба мәдениеті мен Қытай Халық Республикасындағы ислам сот құжаттары, сондай-ақ Еуропадағы Ибн Халдун мұрасының зерттелуі, ҚР Орталық мемлекеттік архиві мен Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Шығыстану институты қорларындағы араб жазуындағы құжаттарды ғылыми айналымға енгізу мәселелері талқыланады. Сонымен қатар «Қазақстанның қолжазба мұрасы» платформасының рөлі, Әлішер Науаидің «Lisānü’t-Ṭayr» шығармасының ерекшеліктері, мәмлүк-қыпшақ жазба ескерткіштеріндегі түр-түс атаулары мен түркі қолжазбаларын транскрипциялау мәселелері қарастырылады.

Халықаралық іс-шара қолжазба дәстүрлерін зерделеуге, консервациялау, каталогтау және реставрация бағытындағы озық тәжірибелермен алмасуға, сондай-ақ жаңа цифрлық құралдарды таныстыруға арналған маңызды ғылыми алаңға айналды. Конференцияның жалғасы ретінде 4–10 маусым аралығында қолжазбатану мен цифрлық тәсілдерге арналған Жазғы мектеп өз жұмысын бастайды.

Фото: «Ғылым ордасы» РМК баспасөз қызметі

Басқа жаңалықтар

Back to top button