Жаңалықтар

«Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауының жеңімпаздары марапатталды

BAQ.KZ АА тілшісі Мақпал Жұмашова «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясын жеңіп алды

Астана қаласында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тектілер ту көтереді» республикалық журналистер байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Марапаттау рәсіміне «Сенімен Болашақ» құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы, Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, сондай-ақ қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, БАҚ өкілдері және жанашырлар қатысты.

Аумалы- төкпелі заманда өмір кешудеміз. Дүниенің 90-нан астам елінде үлкен-кіші қақтығыстар мен қан төгістер орын алуда. Оған көбіміз куәміз. Ел Президентінің салиқалы да сапалы саясатының арқасында аспанымыз ашық, ұйқымыз тыныш, бейбіт замандамыз. Дегенмен, бағаламағанға бақ, қадірлемегенге құт қонбайды демекші, осы бейбіт заманды пайдалана отырып азаматтық қоғам өкілдері сеніміне, нанымына, ұлтына, нәсіліне қарамастан, адами құндылықтарды ту етіп, ұлттық құндылығымызды тұғырына отырғызуға ел болып жұмыла еңбек етіп, бірлікті насихаттап, жаны ашымастың басы ауырмас дегенгендей елге, ел мүддесіне  жаны ашитын азаматтық қоғам қалыптастыруға сіз болып, біз болып қызмет етуіміз шарт деп білем.

Елдік мүдде, ұлт болашағы, ұрпақтың келешегі жолында тектілер ту көтереді қағидасын ұстана отырып ел болып ағартушылықпен айналысып, ой оятып, Қазақтың өзін тауып өзегіне оралуына жұмыла еңбектенуіміз қажет деп білем. Әрқашан өзімізді өркениетке жетелейтін, кім болсақ ол болайық – адам болып қалатын, қиялымызды арманға, арманымызды амалға айналдырар әділетті мәңгілік ел болалық! – деді Нұркен Асанов.

Байқауға еліміздің барлық өңірлерінен 50-ге жуық баспа, интернет-басылым, радио және телеарна журналистері қатысып, ұлттық тәрбие, қоғамдық сана, ортақ жауапкершілік, рухани мұра және азаматтық ұстаным тақырыптарындағы шығармаларын ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен төрт негізгі номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы Екібастұз қалалық «Отарқа» газетінің бас редакторы Жанаргүл Қадыроваға, «Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Мақпал Жұмашоваға, «Республикалық баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінің тілшісі Сәндібек Преновке, ал «Үздік радио немесе YouTube бағдарламасы» номинациясы QAZAQ RADIOLARY ЖШС «Шалқар» ұлттық радиоарнасының радиожурналисі Гүлнұр Омарханқызына берілді.

Сонымен қатар арнайы жүлделер Qamshy.kz ақпарат агенттігі, Павлодар облыстық «Ertis» телеарнасы, Қызылорда облыстық «Qyzylorda» телеарнасы, «Мұнара» газеті мен KAZ365.kz интернет-порталы, Жамбыл облыстық «Jambyl-Taraz» газеті, Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Dauletten.kz ақпараттық сайты, Президент телерадиокешенінің JIBEK JOLY радиосы және Павлодар облыстық Halyq радиосының өкілдеріне табысталды.

Бұл байқаудың басты мақсаты – қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген, елдің ертеңіне бейжай қарамайтын бастамашыл азаматтардың еңбегін кеңінен насихаттау. Өйткені мемлекет тек мемлекеттік институттардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың жауапкершілігі мен жанашырлығы арқылы дамиды. «Тектілер ту көтереді» деген атаудың да өзіндік терең мағынасы бар. Біз үшін тектілік- шыққан тегіңмен ғана өлшенетін қасиет емес. Тектілік – адал еңбек, елге қызмет ету, азаматтық ұстаным, жауапкершілік және ортақ мүдде жолында жұмыла білу. Сондықтан «Тектілер ту көтереді» манифесті  – Қазақстанның болашағына бейжай қарамайтын, қоғамдағы мәселелердің шешіміне өз үлесін қосуға дайын азаматтарды біріктіретін идея, – деп атап өтті «Сенімен Болашақ» бірлестігінің төрағасы Гульшат Серикбекова.

Іс-шара барысында сөз сөйлеген қонақтар ұлттық рухты, азаматтық сананы және қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Олар журналистиканың қоғамдағы оң өзгерістердің қозғаушы күші екенін айтып, осы бағыттағы шығармашылық жұмыстарды қолдау алдағы уақытта да жалғаса беретінін жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button