Бауыржан Жүсіпов: Медициналық қызмет көрсету сапасына қойылатын талап күшейді
Соңғы екі жылда медициналық көмек сапасын бақылау жүйесі айтарлықтай жаңғыртылды

Қазақстанда медициналық көмектің сапасын бақылау жүйесі жаңа кезеңге қадам басты. Бүгінде негізгі басымдық тек заң бұзушылықтарды анықтау емес, олардың алдын алу, цифрлық бақылауды күшейту және пациенттердің құқықтарын тиімді қорғау болып отыр. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті лицензиялау тәртібін жетілдіріп, тәуекелдерді қашықтан бақылау жүйесін енгізуде. Комитет төрағасы Бауыржан Жүсіпов сұхбатында атқарылған жұмыстардың нәтижесі, анықталған заң бұзушылықтар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.
– Бауыржан Әлішерұлы, комитет жұмысының басты нәтижелері қандай?
– Соңғы екі жылда медициналық көмек сапасын бақылау жүйесі айтарлықтай жаңғыртылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, комитеттің қадағалау өкілеттігі кеңейтіліп, медициналық ұйымдар мен дәрілік заттардың айналымына мемлекеттік бақылау күшейтілді. Сонымен қатар 2026–2030 жылдарға арналған медициналық көмектің сапасын жетілдіру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Онда лицензиялау жүйесін жетілдіру, бақылауды цифрландыру және медициналық стандарттарды жаңарту көзделген.
– Бақылау барысында қандай заң бұзушылықтар жиі анықталады?
– Жыл басынан бері 810-нан астам тексеру жүргізіліп, шамамен 120 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Көбіне лицензиясыз қызмет көрсету, санитариялық талаптарды сақтамау, дәрілік заттарды дұрыс сақтамау, білікті мамандардың жетіспеуі және шұғыл көмек көрсетуге арналған жабдықтардың болмауы анықталды.
– Медициналық көмекті бақылауда цифрлық технологиялардың рөлі қандай?
– Бүгінде комитет заң бұзушылықтарды анықтаудан бұрын олардың алдын алуға басымдық беріп отыр. Осы мақсатта СУР-2.0 тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілуде. Ол медициналық ұйымдарға бармай-ақ қашықтан бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Қазір 60 тәуекел көрсеткіші әзірленген. Олар лицензия талаптарының сақталуын, мамандардың сертификаттарын, кадрлық қамтамасыз етуді, медициналық жабдықтардың жеткіліктілігін және көрсетілетін қызмет сапасын бағалайды.
– Жаңа бақылау жүйесі қандай нәтиже беріп жатыр?
– Биыл профилактикалық бақылаумен қамтылған медициналық ұйымдар саны бірнеше есе артты. Тексеру нәтижесінде лицензиясыз жұмыс істеген ондаған ұйым анықталды. Сондай-ақ мыңдаған медицина қызметкерінің сертификатының мерзімі өтіп кеткені белгілі болды. Мұндай жағдайларда заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
– Пластикалық хирургия саласына бақылау не үшін күшейтілді?
– Қазіргі таңда пластикалық хирургия қызметін көрсететін ұйымдарға ерекше назар аударылып отыр. Тексерулер барысында лицензия талаптарының сақталуы, дәрігерлердің біліктілігі, операция жасау жағдайлары және пациенттердің қауіпсіздігі бағаланады. Кейбір ұйымдарда көрсетілетін қызмет пен лицензиядағы қызмет түрінің сәйкес келмеуі, медициналық құжаттаманы дұрыс жүргізбеу сияқты заң бұзушылықтар анықталды.
– Жекеменшік процедуралық кабинеттерде қандай кемшіліктер кездесті?
– Республика бойынша 2 мыңға жуық жеке процедуралық кабинет зерттелді. Олардың 400-ден астамында медициналық қызметке қажетті лицензия болмаған. Түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көптеген кабинет өз еркімен жұмысын тоқтатты немесе заң талаптарына сай лицензия алуға кірісті. Тексеру барысында санитариялық талаптарды бұзу, лицензиясыз жұмыс істеу және білікті мамандардың болмауы сияқты кемшіліктер анықталды.
– Стоматологиялық ұйымдарды тексеру қорытындысы қандай болды?
– 600-ден астам стоматологиялық ұйым тексерілді. Заң бұзушылықтарға жол берген ұйымдарға 100 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Кейбір клиникалардың қызметі уақытша тоқтатылып, талаптарға сәйкес келмейтін қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.
– Азаматтардың өтініштері көбейді. Бұл нені білдіреді?
– Биылғы бірінші жартыжылдықта комитетке 14 мыңнан астам өтініш түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 44 пайызға көп. Негізінен азаматтар медициналық көмектің сапасына және оны ұйымдастыру мәселелеріне шағымданған. Біз мұны халықтың өз құқықтарын қорғауға деген белсенділігінің артқаны деп бағалаймыз.
– Дәрілік заттардың таңбалану жүйесі қандай нәтиже берді?
– Дәрілерді таңбалау жүйесі әрбір препараттың өндірушіден бастап тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл заңсыз айналымды азайтып, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және тегін берілетін дәрілердің заңсыз сатылуын анықтауға ықпал етті. Жүйе арқылы анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
– Алдағы кезеңге қандай міндеттер қойылып отыр?
– Басты мақсат – әрбір азаматтың сапалы, қауіпсіз әрі қолжетімді медициналық көмек алуын қамтамасыз ету. Ол үшін профилактикалық бақылауды одан әрі дамыту, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, медициналық ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастырамыз.



