«Қыркүйек» пен «қыргүйек» дауы Ақордаға да жетті
Пікірталасты түйіндеу үшін жаңадан орфографиялық сөздік әзірленеді
Қоғамда соңғы жылдары қыркүйек айында басталатын «қыркүйек» пен «қыргүйек» пікірталасын түйіндеу үшін жаңадан орфографиялық сөздік әзірленеді. Бұл туралы бүгін тіл саласы ғалымдарымен арнайы кездесу өткізген вице-Президент Ерлан Қарин мәлімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
«Қыркүйек» пен «қыргүйекке» қатысты пікірталас бізге де жетті. Шын мәнінде, бұл – тіл мамандары мен әдеби ортаның ғана мәселесі емес. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болғандықтан, әрбір сөздің айтылуы мен жазылуы мемлекеттік аппараттың күнделікті жұмысына да тікелей қатысты. Өйткені, қазір қазақ тілі кеңсе тіліне айналды. Сондықтан мұндай мәселенің бір ұшы бізге де тиетіні рас.
Әрине, мемлекет қай сөзді қалай жазу керек екеніне араласа алмайды, араласпайды да. Бұл – сала мамандары мен ғалымдардың жұмысы. Біздің міндетіміз – осы істі тиімді үйлестіру. Сол себепті елімізде тіл саясатын жүргізіп отырған мекемелердің басшылары мен белгілі ғалымдарды жинап, аталған тақырып жөнінде пікір алмастық, – деп жазды Ерлан Қарин.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Өзбекстан әліпбиін тағы өзгертеді: Қазақстан латын қарпіне қашан көшеді
Вице-Президенттің пікірінше, бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ.
Талқылау барысында қазақ тілінің жаңа Орфографиялық сөздігін әзірлеу қажет деген шешімге келдік. Алдымен белгілі ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа сөздік дайындалады. Ұсынылған еңбек Мекемеаралық комиссияда қаралып, бекітіледі.
Орфографиялық сөздік соңғы рет 2013 жылы шыққан. Содан бері қолданысқа қаншама жаңа сөздер қосылды. Қазіргі пікірталастардың бір ұшқыны да сонда жатыр. Бұл істе асығыстық танытуға болмайды әрі созып жүруге де уақыт жоқ.
Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағын әзірлегендей, жаңа Орфографиялық сөздікке де ұлттық жоба ретінде қарауға тиіспіз», – деп жазды ол.



