Жаңалықтар

Қызылордада 6 жастағы бала Toyota Land Cruiser көлігін айдап кеткен

Оқиға полиция қызметкерлерінің кезекті патрульдеу кезінде болған

Қызылорда облысының Арал ауданында полиция қызметкерлері Toyota Land Cruiser көлігін жүргізіп келе жатқан 6 жастағы баланы тоқтатты. Полицейлер дер кезінде әрекет етіп, болуы мүмкін жол апатының алдын алған, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Оқиға полиция қызметкерлерінің кезекті патрульдеу кезінде болған. Олар жол бойында көлік тізгінінде отырған кәмелетке толмаған баланы байқап, бірден тоқтатқан.

Тексеру барысында Toyota Land Cruiser автокөлігінің баланың әкесінің атына тіркелгені анықталды.

Полиция мәліметінше, баланың заңды өкіліне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оған баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланың түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны бойынша шара қолданылған.

Сот баланың әкесін әкімшілік жауапкершілікке тартып, оған айыппұл салды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері баламен және оның ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізді.

Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, қазіргі уақытта республика көлемінде «Балалар, назар аударыңыздар!» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Кәмелетке толмағандардың көлік құралдарын басқаруына, сондай-ақ түнгі уақытта балалардың көшеде қараусыз қалуына жол бермеңіздер, – деп ескертті Полиция департаменті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button