Басты жаңалықСаясат

Тоқаев 2029 жылғы Президент сайлауына қатыса ма: Мемлекет басшысы жауап берді

Тоқаев бұл мәселе жөнінде қазір нақты айтуға әлі ерте екенін жеткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылы өтетін президент сайлауына қатысуы мүмкін бе деген сауалға жауап берді. Мемлекет басшысы Конституциялық соттың шешіміне сәйкес, заң бойынша қайта сайлануға құқығы бар екенін растағанымен, сайлауға қатысу-қатыспау жөніндегі жоспарын әзірге жариялаған жоқ, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Журналистер Президенттен Конституциялық соттың жуырдағы түсіндірмесіне байланысты сұрақ қойды. Сот шешіміне сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке қайта кандидатурасын ұсынуына заң жүзінде мүмкіндік бар.

«Власть» басылымының тілшісі Тамара Вааль Мемлекет басшысынан 2029 жылғы президент сайлауына қатысу ниеті бар-жоғын сұрады. Сонымен қатар сайлаудың белгіленген мерзімде өтуі немесе кезектен тыс өткізілуі мүмкін екеніне қатысты пікірін білдіруді өтінді.

Тоқаев бұл мәселе жөнінде қазір нақты айтуға әлі ерте екенін жеткізді.

«Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әрине, заң бойынша менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы сайлау және оған қатысамын ба, қатыспаймын ба деген мәселе туралы сөз қозғауға әлі ерте», – деді Президент.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта ел алдында тұрған ауқымды міндеттерге басымдық беру қажет екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Қазақстанда әлеуметтік нысандар салу, экономиканы дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуы керек.

Тоқаев Ұлттық қор қаражатын ел игілігіне тиімді пайдалануды да маңызды міндеттердің бірі ретінде атады.

«Қаражатты жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек», – деді ол.

Президент сондай-ақ әлемдегі күрделі геосаяси ахуалды ескеру қажеттігін айтып, Қазақстанның тұрақты дамуға бағыт алғанын жеткізді.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге нақты жауапты кейінірек беретінін айтты.

«Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы… Сол кезде сізге нақты жауап беремін», – деді Президент.

Басқа жаңалықтар

Back to top button