Нұрай Серікбайдың өлімі: өмір бойына сотталған Шерхан Аймаханның адвокаттары апелляцияға шағым түсірді
Енді апелляциялық шағым бойынша соттың келесі сатыдағы шешімі күтіледі
21 жастағы Нұрай Серікбайды аса қатыгездікпен өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Шерхан Аймаханның қорғаушылары сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді. Енді іс апелляциялық сотта қаралуы мүмкін, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, қорғаушылардың шағымы сотқа түскен. Қазір адвокат құжатпен танысып, оған қарсылық әзірлеуге кіріспек.
Нұрайдың ісі бойынша сотталған Аймахан Шерханның қорғаушылары апелляциялық шағым түсірді. Онымен танысып, қарсылық дайындаймын. Енді істі апелляциялық сатыда қарау күтіп тұр, – деді Аянхан Омаров.
Шерхан Аймахан не үшін өмір бойына сотталды?
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімі: Күдікті өмір бойына сотталуы мүмкін
Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың өлімі: Жәбірленуші тарап соттың тікелей эфирде көрсетілуін талап етеді
Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты алғашқы сот отырысы өтпей қалды
13 тамызда Шымкентте өткен сот процесінің қорытындысы бойынша Шерхан Аймахан адам ұрлау, адам өлтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Сот-медициналық сараптама барысында Нұрай Серікбайдың денесінен 35 жарақат анықталған. Сарапшы олардың барлығы қыздың көзі тірісінде салынғанын айтқан. Кейбір жарақаттардың тереңдігі 7-8 сантиметрге дейін жеткен.
Аймахан Нұрайды өлтіргенін мойындаған. Алайда сотта ол қылмыс кезінде аффект жағдайында болғанын айтып, қыздың өзіне бірінші болып пышақ сұққанын мәлімдеді.
Тергеу дерегіне сәйкес, сотталған ер адам Нұрайды біраз уақыт бойы аңдыған. Оған қызды ұрлап әкетіп, өзіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу ниеті болғаны туралы нұсқа қаралған.
Қыздың отбасы бұған дейін полицияға шағымданған
Іс материалдарында Аймаханның Нұрайға бірнеше рет хабарласқаны көрсетілген. Соның бірінде ол қызға бір күн ішінде 76 рет қоңырау шалған.
Тергеу нұсқасы бойынша, 11 қаңтарда ол пышақты алдын ала дайындап, Нұрайға шабуыл жасаған. Қызға бірнеше рет пышақ сұққаннан кейін оқиға орнына куәгер әйел жақындаған. Осы кезде Аймахан шегініп кеткенімен, кейін қайта оралып, Нұрайға тағы шабуыл жасаған.
Нұрайдың әкесі сот отырысында қызының өліміне дейін отбасы полиция мен прокуратураға бірнеше рет шағымданғанын айтқан.
Іс қоғамда үлкен резонанс туғызды. Оқиғадан кейін бірнеше полиция қызметкері жұмыстан шығарылып, Полиция департаментінің басшылығы да қызметінен босатылды.
Сонымен қатар Ішкі істер министрлігі қызметтік салғырттық белгілері бойынша жеке қылмыстық іс қозғаған.
Енді Шерхан Аймаханның қорғаушылары берген апелляциялық шағым бойынша соттың келесі сатыдағы шешімі күтіледі.
Алма БЕЙСЕН



