Қазақстанда тамыз айында тұрғын үй саудасы төмендеді
Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің ең көп саны Алматы мен Астанада тіркелді
Қазақстанда 2026 жылғы тамыз айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 35 807 мәміле тіркелді. Бұл шілде айымен салыстырғанда 3,6%-ға аз. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап NewsMedia.kz хабарлайды.
Алматы мен Астана көш бастап тұр
Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің ең көп саны Алматы мен Астанада тіркелді. Алматыда 7 690 мәміле жасалып, жалпы көлемнің 21,5%-ын құрады. Астанада 6 398 мәміле тіркелді, оның үлесі – 17,9%.
Үшінші орында Қарағанды облысы тұр – мұнда тамызда 2 825 мәміле немесе жалпы көрсеткіштің 7,9%-ы тіркелген.
Ал мәмілелер саны ең аз өңір – Ұлытау облысы. Мұнда барлығы 277 мәміле жасалған, бұл жалпы көлемнің 0,8%-ына тең.
Шілдемен салыстырғанда мәмілелер санының ең жоғары өсімі Алматыда – 5,9%, Қостанай облысында – 5,5% және Қарағанды облысында – 5,1% байқалды.
Керісінше, ең айтарлықтай төмендеу Алматы облысында (-21,1%), Атырау облысында (-15,7%) және Жамбыл облысында (-13,7%) тіркелді.
Пәтер саудасы да азайды
Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй бойынша тамыз айында 27 719 мәміле жасалған. Бұл шілдедегі көрсеткіштен 856 мәмілеге немесе 3%-ға аз.
Пәтерлер бойынша жасалған мәмілелер барлық тұрғын үй саудасының 77,4%-ын құрады.
Мұндай мәмілелердің негізгі бөлігі Алматыға – 26%, Астанаға – 22,6%, Қарағанды облысына – 8,4% тиесілі.
Пәтерлер арасында ең көп сұраныс бір бөлмелі баспаналарға түскен. Тамыз айында олар бойынша 10 806 мәміле тіркелді.
Жеке үйлер бойынша да төмендеу бар
Жеке тұрғын үйлер бойынша тамызда 8 088 мәміле жасалды. Бұл шілде айымен салыстырғанда 5,8%-ға, яғни 495 мәмілеге аз.
Жеке үйлерді сатып алу-сату мәмілелерінің ең жоғары өсімі Қызылорда облысында (7,8%), Қарағанды облысында (6,3%) және Жетісу облысында (2,7%) байқалды.
Ал ең үлкен төмендеу Шығыс Қазақстан облысында (-15%), Алматыда (-14,6%) және Ақтөбе облысында (-12,3%) тіркелді.
Бір жылда мәмілелер 13,5%-ға қысқарды
2025 жылғы тамызбен салыстырғанда 2026 жылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 13,5%-ға төмендеді. Өткен жылдың тамызында 41 380 мәміле жасалса, биыл бұл көрсеткіш 35 807-ге дейін қысқарған.
Жылдық салыстыру бойынша мәмілелер саны ең көп өскен өңір – Түркістан облысы. Мұнда өсім 9,8% болды.
Ал ең жоғары төмендеу Астанада тіркелді – бір жыл ішінде тұрғын үй мәмілелерінің саны 32,3%-ға азайған.
Жалпы, 2025 жылғы қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда, 2026 жылдың қаңтар-тамызында Қазақстандағы тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,3%-ға қысқарды.



