Басты жаңалықДенсаулық

12 қыркүйектен бастап Қазақстанда емханаға тіркелу тәртібі өзгерді

Тұрғындар енді емханаға тұрақты немесе уақытша тіркелген жері бойынша тіркеле алады

12 қыркүйектен бастап қазақстандықтар үшін емхана таңдау және оған тіркелу тәртібі өзгерді. Енді азаматтар медициналық ұйымды жыл бойы таңдай алады. Алайда емхананы еркін таңдау құқығын жылына бір реттен жиі пайдалануға болмайды, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Жаңа тәртіп «Жеке тұлғаларды алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына тіркеу қағидаларын бекіту туралы» құжаттың күшіне енуіне байланысты енгізіліп отыр.

Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығының алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша республикалық ғылыми-практикалық орталығының жетекшісі Нұргүл Аждарованың айтуынша, бұрын емханаға еркін тіркелу науқаны жыл сайын 1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында өтетін. Жаңа емхана медициналық қызмет көрсетуді келесі жылдың 1 қаңтарынан бастайтын.

Енді бұл тәртіп жойылды. Мысалы, азамат 15 қыркүйекте жаңа емханаға тіркелгені туралы хабарлама алса, 16 қыркүйектен бастап сол медициналық ұйымдағы учаскелік дәрігеріне жазыла алады.

Емхананы кімдер еркін таңдай алады?

Азамат емханаға тұрақты немесе уақытша тіркелген жері бойынша тіркеле алады. Сонымен бірге бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы сақталады.

Яғни азамат өзі тіркелген ауданның аумағында орналасқан емханалардың бірін таңдай алады.

Егер бұрын тіркелген емхана жабылып қалса немесе азамат басқа ауданға не қалаға көшсе, емхананы қайта ауыстыруға болады. Мұндай жағдайда бір жылдық мерзімді күтудің қажеті жоқ.

Балаларды тіркеу тәртібі қандай?

Балалар үшін бөлек тәртіп енгізілген. Кәмелетке толмаған бала тұрғылықты жері бойынша тіркеуде тұрғанына қарамастан, нақты тұрып жатқан жеріндегі емханаға тіркеле алады.

Мысалы, бала бір мекенжайда тіркелгенімен, іс жүзінде басқа ауданда тұратын болса, оны нақты тұратын жеріндегі емханаға тіркеуге мүмкіндік бар.

Егер бала мен ата-анасы әртүрлі емханада тіркелген болса, баланың медициналық қызмет алатын емханасына басымдық беріледі. Мамандар отбасы мүшелерінің бір медициналық ұйымда қызмет алғаны ыңғайлы екенін айтады.

Алайда ата-ана мен баланың әртүрлі емханаларда тіркелуіне тыйым салынбайды.

Жүкті әйелдер мен жас аналарға қандай мүмкіндік берілді?

Жүкті әйелдер мен жақында босанған әйелдер де тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеуі болмаса да, нақты тұратын жеріндегі емханаға тіркеле алады.

Мысалы, облыста тұратын жүкті әйел босанар алдында қаладағы туыстарына уақытша келіп тұрса, сол жердегі емханаға тіркелуге мүмкіндік алады.

Бұл өзгеріс жүкті әйелдер мен жас аналардың медициналық бақылауда болуын қамтамасыз ету үшін енгізілген.

Студенттер емхананы қалай таңдайды?

Бұған дейін студенттер көбіне арнайы студенттік емханаларға тіркелетін. Енді колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алатын жастар өзі тұратын үйіне жақын емхананы таңдай алады.

Алайда басқа қала немесе елді мекеннен келген студенттер үшін бұрынғы тәртіп сақталады. Олар денсаулық сақтау басқармасы бекіткен студенттік емханаға тіркеледі.

Студент таңдаған емхана өзі тіркелген әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында орналасуы қажет.

Емханаға тіркелу қай кезде «белсенді емес» болады?

Медициналық ұйым әр тіркелген пациент үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан жан басына шаққандағы норматив бойынша қаржы алады.

Алайда пациенттің емханаға тіркелуі үш жағдайдың барлығы бір уақытта орын алғанда белсенді емес мәртебеге ауыстырылады:

  • Қазақстан аумағында тіркеуі жоқ;
  • жеке куәлігінің немесе Қазақстан азаматы паспортының мерзімі өтіп кеткен;
  • үш жыл немесе одан да көп уақыт бойы медициналық көмекке жүгінбеген.

Бұл үш талаптың үшеуі де қатар орындалуы тиіс.

Мысалы, адам үш жыл бойы емханаға бармағанымен, Қазақстанда тіркеуі бар және жеке куәлігінің мерзімі өтпеген болса, оның емханаға тіркелуіне кедергі жоқ.

Демек, 12 қыркүйектен бастап қазақстандықтар емхананы жыл бойы ауыстыра алады. Ең бастысы – мұны еркін таңдау тәртібімен жылына бір реттен артық жасамау.

Басқа жаңалықтар

Back to top button