Жаңалықтар

«Мұз дәуіріне жатады»: СҚО-да адам қаңқасы мен жүнді мүйізтұмсық сүйектері табылды

Археологтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан ежелгі жануарлардың қалдықтарына бай

Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылының маңындағы қазба жұмысы кезінде адамның қаңқасы мен мұз дәуірінде өмір сүрген жүнді мүйізтұмсықтың сүйектері табылды, деп хабарлайды NewsMedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Жер қазып жүрген экскаваторшы адам сүйектерін тауып алған. Тәртіп сақшылары тексеруге кіріскенімен, “қылмысқа еш қатысы жоқ” деп отыр. Ал археолог Анатолий Плешаков бұл жерден адам қаңқасынан бөлек, әлдеқайда көне олжа табылғанын айтты.

Маманның сөзінше, бас сүйек пен бірнеше сүйек жүнді мүйізтұмсыққа тиесілі. Бұл жануар Солтүстік Қазақстан аумағында мұз дәуірінде өмір сүрген. Ал адамның сүйектерінің де сол кезеңге жатуы екіталай екенін айтады. Табылған екі бас сүйектің бірі ер адамға, екіншісі әйелге тиесілі болуы мүмкін. Дегенмен әйел адамның бас сүйегінің жасы әзірге күмәнді. Оның мұз дәуіріне тиесілі болуы да жоққа шығарылмайды.

Бескөл аумағында табылған бас сүйек пен бірнеше сүйек жүнді мүйізтұмсыққа тиесілі. Ол, шамамен, біздің заманымыздан бұрынғы 12-ші мың жылдыққа дейін осы жерде өмір сүрген. Бұл мұз дәуірінің мамонт фаунасы. Жүнді мүйізтұмсық көлемі жағынан мамонттан сәл кіші, аяғы да қысқалау болған, – дейді археолог Анатолий Плешаков.

Археологтың айтуынша, Солтүстік Қазақстан ежелгі жануарлардың қалдықтарына бай. Былтыр мамандар осы өңірдің төрт жерінен мамонттың сүйектерін тапқан. Соның бірі Бәйтерек ауылы маңында болған. Ол кезде жергілікті тұрғын балық аулап жүріп, алып мамонттың сүйегін тауып алған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button