Кофе сүйекті «әлсірете» ме: ғалымдар 53 зерттеуді саралады
Зерттеу нәтижелері Nutrients журналында жарияланған
Кофе ішудің сүйек денсаулығына әсері туралы пікір көп. Әсіресе, кофеин ағзадағы кальцийді шайып, сүйекті әлсіретеді деген түсінік кең тараған. Алайда ғалымдар 53 ғылыми зерттеуге жасалған ауқымды шолу барысында кофеиннің сүйекке әсері, ең алдымен, оның мөлшеріне байланысты екенін анықтаған, деп хабарлайды NewsMedia.kz.
Зерттеу нәтижелері Nutrients журналында жарияланған.
Күніне бірнеше шыныаяқ кофе қауіпті емес
Ғалымдардың қорытындысына сәйкес, кофеинді аз және орташа мөлшерде тұтыну, яғни күніне шамамен 1–3 шыныаяқ кофе ішу, сүйек тіндеріне айтарлықтай зиян келтірмейді. Кей жағдайда кофенің құрамындағы антиоксиданттардың әсерінен оның сүйек денсаулығына оң ықпалы да болуы мүмкін.
Алайда кофеинді шамадан тыс тұтыну кері әсер беруі ықтимал. Зерттеуде тәулігіне 400 миллиграмнан астам кофеин қабылдау немесе шамамен 4–5 шыныаяқ кофе ішу кезінде сүйек жасушаларының қалпына келу процесі баяулауы, минералданудың төмендеуі және кальцийдің шығарылуы артуы мүмкін екені айтылған.
Кофені қалай ішкен дұрыс?
Мамандар сүйек денсаулығын сақтау үшін бірнеше қарапайым қағиданы ұстануға кеңес береді.
Біріншіден, кофені шамадан тыс ішпеу керек. Көпшілік дені сау ересек адам үшін күніне 2–3 шыныаяқ кофе қалыпты мөлшер болып саналады.
Екіншіден, кофеге аздап сүт қосуға болады. Кофеин ағзадан кальцийдің аз мөлшерде шығарылуына әсер етеді. Сүт немесе сүт өнімдері кальцийдің орнын толтыруға көмектеседі.
Үшіншіден, күнделікті рациондағы кальций мен D дәруменінің жеткілікті болуына мән берген жөн. Сүт өнімдері, ірімшік, күнжіт, көкөніс пен басқа да пайдалы тағамдар сүйекке қажетті қоректік заттарды қамтамасыз етеді.
Осылайша, кофені қалыпты мөлшерде тұтынатын адам үшін «кофе сүйекті бұзады» деген пікірді біржақты қабылдауға негіз жоқ. Негізгі мәселе — кофеиннің мөлшері мен жалпы тамақтану рационы.
Бұған дейін АҚШ-тағы Cedars-Sinai медициналық орталығының ғалымдары тұрақты түрде кофе ішудің бауыр циррозы, бауыр обыры және осы ағза ауруларының асқынуынан болатын өлім қаупінің төмендеуімен байланысты болуы мүмкін екенін анықтаған.



