Басты жаңалықЖаңалықтар

Бектенов цифрлық теңгенің қолданылу аясын кеңейтуді тапсырды

Үкімет басшысының айтуынша, токенизация нарығы мен криптоиндустрияның қарқынды дамуы аясында алаяқтықтың жаңа түрлері де пайда болып жатыр

Цифрлық теңге Қазақстандағы цифрлық қаржы сервистерін дамытуға мүмкіндік беретін құралға айналуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, токенизация нарығы мен криптоиндустрияның қарқынды дамуы аясында алаяқтықтың жаңа түрлері де пайда болып жатыр.

«Осы айда Қаржылық мониторинг агенттігі криптовалюта түрінде шағын несие беру деген желеумен жүргізілген заңсыз әрекеттің жолын кесті. Уәкілетті органдар алдағы уақытта да азаматтарды цифрлық ортада қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Бұған жаңа Конституцияда кепілдік берілген», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Жасанды интеллект министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету және осы саладағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмысты күшейтуі қажет екенін атап өтті.

Бектенов цифрлық теңгені қолданысқа енгізуді де маңызды бағыттардың бірі деп атады. Оның сөзінше, жоба төлем инфрақұрылымын жаңғыртуға және қаржы жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Цифрлық теңгенің криптовалюталардан айырмашылығы – ол Ұлттық банк шығаратын орталықтандырылған цифрлық валюта, яғни заңды төлем құралы. Сондықтан мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру цифрлық теңгені қолданудың маңызды нәтижесі болуға тиіс», – деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, цифрлық теңге болашақта цифрлық қаржы сервистерін дамытуға жол аша алады. Ал цифрлық шарттарды бекіту мүмкіндігі мемлекеттік сатып алулар мен корпоративтік операциялардағы есеп айырысу үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, цифрлық теңгені пайдалану аясын кеңейтуге қажетті шараларды пысықтауы тиіс.

Бектенов мемлекеттік органдарға цифрлық теңгені қолдану мүмкіндіктерін кеңейтуді тапсырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button