Басты жаңалықЖаңалықтар

Халық кеңесі мүшелері жалақы алмайды: ал сонда 1,7 млрд теңге не үшін бөлінеді

Халық кеңесінің баспасөз қызметі мұның «Қазақстан халық кеңесі туралы» Конституциялық заңның 14-бабында нақты көрсетілгенін түсіндіреді

Бұған дейін Қазақстан Халық кеңесі мүшелерінің жалақысы туралы жазған болатынбыз. Ол кезде Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы кеңес мүшелеріне қанша жалақы төленетінін нақтыламаған-ды. Енді бұл мәселеге қатысты BES.media-дағы әріптестерімізге Халық кеңесінің баспасөз қызметі жауап берген екен, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Белгілі болғандай, Халық кеңесінің мүшелері мемлекеттік бюджеттен жалақы алмайды. Олар өз міндеттерін қоғамдық негізде және ақысыз атқарады. Ал кеңестің тұрақты жұмысына жауап беретін өзге қызметкерлерге жалақы қарастырылған.

Кеңес мүшелеріне неге жалақы төленбейді?

Халық кеңесінің баспасөз қызметі мұның «Қазақстан халық кеңесі туралы» Конституциялық заңның 14-бабында нақты көрсетілгенін түсіндірген.

Заңға сәйкес, кеңес мүшелері депутат немесе мемлекеттік қызметші болып саналмайды. Олар өз міндеттерін қоғамдық негізде атқарады.

Кеңес құрамына мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, қоғамдық және этномәдени бірлестіктердің өкілдері кіреді.

Кімдер жалақы алады?

Жалақы алатындар қатарында Халық кеңесінің төрағасы және оның бір орынбасары бар. Соңғысы бір мезетте кеңес хатшылығын да басқарады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл екі лауазым жауапты мемлекеттік қызметтер санатына жатады және олар тұрақты негізде жұмыс істейді. Сондықтан еңбекақысы мемлекеттік бюджеттен төленеді.

Сонымен қатар Халық кеңесі хатшылығының мемлекеттік қызметшілері де жалақы алады. Олар кеңестің ұйымдастырушылық, сараптамалық-талдамалық және ақпараттық жұмысын қамтамасыз етеді.

1,7 млрд теңге не үшін бөлінеді?

Кеңес мүшелерінің жалақысына қатысты сұрақтың туындауына 17 қыркүйекте Құрылтайда үш жылдық бюджетті таныстыру кезінде айтылған мәлімет себеп болған.

2027 жылғы бюджетте Халық кеңесінің жұмысына 1,7 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат кеңестің жұмысын ұйымдастыруға, өңірлерге баруға, халықпен кездесулер өткізуге, сессиялар, іссапарлар және қоғамдық тыңдаулар ұйымдастыруға жұмсалмақ.

Еске салсақ, журналистер бұған дейін Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлынан кеңес мүшелеріне жалақы төлене ме және оның мөлшері қанша болатынын сұраған еді.

Вице-министр төлемдер бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесі бойынша жүргізілетінін айтып, нақты ақпаратты ашуға болмайтынын жеткізген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «Нақты соманы айтуға шектеу бар»: Халық кеңесі мүшелерінің жалақысы құпия болып қалды

Енді Халық кеңесінің баспасөз қызметі кеңес мүшелерінің өздері мемлекеттік бюджеттен жалақы алмайтынын нақтылап отыр.

Қазақстан Халық кеңесі қашан құрылады?

Қазақстан халық кеңесін қыркүйектің екінші жартысында қалыптастыру жоспарланып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халық кеңесін ел тарихындағы этникалық, өңірлік, әлеуметтік және қоғамдық-саяси алуантүрлілікті білдіретін алғашқы жоғары консультативтік орган деп атаған.

Кеңеске конституциялық орган мәртебесі және заң шығару бастамасы құқығы берілген. Оның негізгі міндеті – мемлекет ішкі саясатының маңызды бағыттары бойынша жалпыұлттық диалог ұйымдастыру.

Осылайша, 2027 жылғы бюджетте Қазақстан халық кеңесінің жұмысына 1,7 млрд теңге қарастырылғанымен, бұл қаражат кеңестің барлық мүшелеріне жалақы төлеуге жұмсалмайды. Кеңес мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейді, ал еңбекақы кеңестің төрағасына, оның хатшылықты басқаратын орынбасарына және хатшылықтағы мемлекеттік қызметшілерге төленеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button