Басты жаңалықЭкономика

Зейнеткерлерге маңызды жаңалық: 2027 жылғы зейнетақы мөлшері айтылды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ынтымақты және жинақтаушы

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы төлемдері өседі. Ең төменгі жиынтық зейнетақы 113 541 теңге, ал ең жоғары мөлшері 259 795 теңге болады деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды NewsMedia.kz.

Зейнетақы қаншаға өседі?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен тұрады: базалық, ынтымақты және жинақтаушы.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерін 8,5%-ға арттыру жоспарланған. Бұл өсім барлық зейнеткерге қатысты болады.

Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері жыл сайын 5%-ға индекстеледі.

Базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты есептеледі. 2026 жылы бұл көрсеткіш 50 851 теңге болса, 2027 жылы оны 55 173 теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Зейнетақы жинағы көбейгенімен, құны азайып кетті

Ең төменгі зейнетақы қанша болады?

2027 жылдан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін көтеріледі. Бұл 38 622 теңге.

Базалық зейнетақының ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 120%-ына дейін өседі. Яғни 66 208 теңге болады.

Осы өзгерістерден кейін жиынтық зейнетақының:

  • ең төменгі мөлшері – 113 541 теңге;
  • ең жоғары мөлшері – 259 795 теңге болады деп жоспарланып отыр.

Ең төменгі зейнетақының құрамына 38 622 теңге базалық және 74 919 теңге ынтымақты зейнетақы кіреді.

Ал ең жоғары жиынтық төлемде базалық зейнетақы – 66 208 теңге, ынтымақты зейнетақы – 193 587 теңге болады.

Жинақтаушы зейнетақы қалай есептеледі?

БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы мөлшері азаматтың жеке шотында қалыптасқан жинаққа байланысты.

2027 жылы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары, сондай-ақ жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Министрлік 2027 жылы зейнетақы жарналарының жаңа түрлерін енгізу жоспарланбағанын хабарлады.

Жинақты тұрғын үй мен емге жұмсауға бола ма?

Жұмыс істейтін азаматтар БЖЗҚ-дағы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсай алады.

Ол үшін шоттағы жинақ мөлшері ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асуы керек. 2027 жылы бұл тәртіпті өзгерту жоспарланып отырған жоқ.

ТЖШ әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге байланысты жыл сайын қайта есептеледі. Оған ең төменгі зейнетақы мен жалақы мөлшері, инфляция және инвестициялық табыс сияқты көрсеткіштер әсер етеді.

БЖЗҚ-дан ең аз қанша төленеді?

2027 жылы БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақының ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен болмауы тиіс. Бұл 40 063 теңгеге тең.

Ал БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақының ең жоғары мөлшеріне шектеу қойылмайды. Оның көлемі әр азаматтың зейнетақы жинағына қарай есептеледі.

Айта кетейік, 2027 жылғы зейнетақы төлемдеріне арналған шығыстар 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында қарастырылған. Құжат қазір Құрылтайдың қарауында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button