Қазақстанда филиппиндік бала күтушілерге сұраныс артқан
Шетелдік күтушілердің қызмет құны 500 мың теңгеден басталады
Қазақстанда филиппиндік әйелдерді бала күтуші ретінде жалдайтын отбасылар көбейіп келеді. Шетелдік күтушілерді ұсынатын агенттіктердің де саны артып жатыр. Мамандар мұны бала күтуші қызметіне сұраныстың жоғары болуымен байланыстырады, деп хабарлайды NewsMedia.kz 31-телеарнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Филиппиндік Сандра Морриланың Қазақстанға келгеніне екі айдан асқан. Шетелге нәпақа табу үшін келген ол арнайы агенттік арқылы бірден бала күтуші болып жұмысқа орналасқан.
Қазір Сандра бір отбасының екі ұлы мен бір қызына қарайды. Бұдан бөлек, үй жинайды, тамақ әзірлейді, кір жуады және балаларға ағылшын тілін үйретеді.
«Қазақстан маған қатты ұнады. Балалары тәрбиелі, үлкендерді құрметтейді. Тілді де тез үйренеді. Қазақстанда жалақы жоғары. Маған айына 900 доллар төлейді. Жұмысым өзіме қатты ұнайды», – деді Сандра Моррилла.
Филиппиндік күтушілердің қызметі қанша тұрады?
Қазір әлеуметтік желілерде филиппиндік бала күтушілердің қызметін ұсынатын жарнамалар көбейген. Арнайы сайттарда олардың жасы, суреті мен жалақысы көрсетіліп, жұмыс берушілер өзіне қажетті күтушіні таңдай алады.
Шетелдік күтушілердің қызмет құны 500 мың теңгеден басталады.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, филиппиндік күтушілерге сұраныстың артуына бірнеше себеп бар. Олардың арасында балаларға ағылшын тілін үйретуі, жұмысқа жауапкершілікпен қарауы және отбасының жеке мәселелерін сыртқа шығармауы аталады.
Агенттік директоры Әлия Маутованың айтуынша, қазір олардың базасында шамамен 200 филиппиндік бала күтуші бар. Оның сөзінше, олардың барлығы Қазақстанға заңды түрде келген.
«Артықшылығы – олар балаларға ағылшын тілін үйрете алады. Одан бөлек, отбасындағы мәселелерге қызықпайды. Ең маңыздысы – өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарады», – деді Әлия Маутова.
Филиппиндік күтушілердің еңбек құқығы сақталуы тиіс
Филиппин – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халқы 100 миллионнан асатын мемлекет. Ел тұрғындарының бір бөлігі жұмыс іздеп шетелге кетеді.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда нақты қанша филиппиндік азаматтың жұмыс істеп жүргені туралы дерек жоқ.
Дегенмен шетел азаматтарына заң талаптарын сақтай отырып, үй шаруасына жалданып жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
Министрлік өкілі Шолпан Молдабекованың айтуынша, үй қызметшісімен еңбек шарты жасалған жағдайда оның да басқа жұмысшылар сияқты еңбек құқықтары сақталуы тиіс. Яғни олар демалуға және еңбекақысын толық алуға құқылы.
Күмәнді агенттіктер көбейген
Мамандар әлеуметтік желі арқылы клиент іздейтін күмәнді агенттіктердің көбейгенін айтып, бұл нарықты бақылауды күшейту қажет екенін ескертеді.
Соған қарамастан соңғы жылдары филиппиндік бала күтушілердің қызметіне сұраныс жоғары болып отыр. Олардың қызметіне көбіне Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары жүгінеді.



