Спорт

Рекордтарын жаңартқан елордалық жас пара спортшылар Астанаға оралды

14 желтоқсаннан 15 желтоқсанға ауған түні елорданың халықаралық әуежайына Біріккен Араб Әмірлігінде өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындарының жеңімпаздарын салтанатты түрде қарсы алды.

10-13 желтоқсан аралығында өткен төрт жылдықтың кешенді жарысында еліміздің намысын 9 спорт түрінен 60 отандасымыз қорғап, 68 медальді жеңіп алды.

Айтулы жарысқа Астана қаласының спортшылары қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Атап айтқанда, пара пауэрлифтинг сайысында Надыров Вазир 59 кг салмақ дәрежесінде 115 кг нәтижемен сынға түсіп, үздік үштікке еніп, қола медаль иеленді.
Сондай-ақ, Қуаныш Рахатұлы 54 кг салмақ дәрежесінде 107 кг нәтижемен өнер көрсетіп, пара пауэрлифтингтен қола жүлдеге қол жеткізді.

Пара үстел теннисінен аралас жұптық сында елордалық Ержанқызы Алтынай Эли Махулбековпен бірге өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Ал жекелей сында Алтынай қола медаль иеленді.

Пара жүзуден қатысқан екі бірдей астаналық спортшы да жеңіс тұғырынан көрінді.
Атап айтқанда, Аделя Калиева пара жүзуден жасөспірімдер арасындағы V Азия Паралимпиада ойындарының төрт дүркін алтын жүлдегері атанды. Ол 12–15 жас санатында өнер көрсетіп, төрт түрлі қашықтықта жеңіске жетті:
• 200 м кешенді жүзу
• 100 м еркін стиль
• 400 м еркін стиль
• 50 м еркін стиль

Ал пара жүзуші Тұрғанбеков Әли 17–18 жас санатында сынға түсіп, бір алтын және екі күміс медаль иеленді. Ол төмендегі қашықтықтарда жүлдегер атанды:
• 100 м брасс — 🥇
• 100 м еркін стиль — 🥈
• 100 м шалқалап жүзу — 🥈

Осылайша, Жасөспірімдер арасындағы Азия Паралимпиада ойындарының қорытындысы бойынша Астана қаласының спортшылары 6 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль еншіледі.

Жасөспірімдер арасындағы Азия пара ойындарының деңгейі уақыт өткен сайын артып келеді. Мәселен, 2021 жылы Бахрейндегі өткен додаға 30 ел бас қосса, биыл рекордтық 45 мемлекет жүлдеге таласты. Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы бұл бәсекеге 8 жылдық үзілістен кейін қайта қатысты.

2009 жылдан бастауын алған жасөспірімдер арасындағы Азия пара ойындарының тарихында осыған дейін Қазақстан құрамасы 25 алтын еншілеген еді. Ал Дубайдағы өткен V Азия пара ойындарында отандастарымыз 25 мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің әнұрамызды шырқатты.

«25 алтын алудың өзі оңайға соққан жоқ. Осының артында жүйелі жоспар құру, оқу-жаттығу жиындары, бапкерлердің еңбегі, спортшылардың қаншама төккен тері жатыр. Ең бастысы, ұлттық құраманың артынан еріп келе жатқан резервтің деңгейін тексеруге мүмкіндік алдық және олар үлкен тәжірибе жинады», — деп Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының жоғары жетістіктер спорты және өңірлік даму жөніндегі  директордың орынбасары Лескен Есекеев өз пікірін білдірді.

Айта кетейік, енді жасөспірімдер арасындағы келесі VI Азия Пара ойындарын 2029 жылы Камбоджа Корольдігі қабылдайды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button