
Жәрмеңке «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы мен GarageFest ұйымдастырушыларының бірлесуімен өтеді. Көрме орталығы күн сайын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Бұл күндері EXPO алаңы нағыз мерекелік кеңістікке айналады. Келушілер үшін жаңа жылдық фотоаймақтар, шеберлік сабақтары, балаларға арналған ойындар мен байқаулар, Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен өтетін ертеңгіліктер ұйымдастырылады.
Жәрмеңкеде қазақстандық қолөнершілердің және «Қазақстанның ерекше балаларының ата-аналарының одағы» ұсынған қолдан жасалған бұйымдарын сатып алуға болады. Мұнда сыйлықтар, кәдесыйлар, ойыншықтар, декор заттары, әшекей бұйымдар, киім-кешек, тоқыма өнімдері мен тәттілер сатылады. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінен келген дизайнерлердің киімдері ұсынылады.
21 желтоқсанда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы ертеңгілік өтеді. Бұл шара балаларды қолдауға, олардың талантын көрсетуге және мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталған. Іс-шараға шамамен 200 бала қатысып, ән айтып, би билеп, шығармашылық нөмірлерін көрсетеді.
«Жаңа жыл Fest» — бұл жай ғана жәрмеңке емес. Бұл — адамдарды біріктіретін, ерекше балаларды қолдайтын және жаңа жылдық көңіл күй сыйлайтын ортақ мереке.



