Спорт

Астананың орталығында жылына төрт марафоннан артық өткізуге рұқсат етілмейді

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада өтетін марафондардың саны қысқартылатынын айтты.

— Біз марафон өткізуге түбегейлі қарсы емеспіз. Бұл — ірі қалалар үшін қалыпты тәжірибе. Алайда мамырдан қазан айына дейін әр сенбі-жексенбі сайын Түркістан, Қонаев, Ақмешіт сияқты орталық көшелер жабылатын болса, оған сол маңда тұратын тұрғындар орынды түрде наразылық білдіреді. Осы мәселеге қатысты шағымдар өте көп, — деді қала әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, әкімдік марафон ұйымдастырушыларына балама бағыттарды ұсынуға дайын.

— Бізде орман алқабындағы тамаша веложол бар, айналма жолдар да жеткілікті. Қаланың орталығында тек ірі, маңызды марафондарды ғана өткізетін боламыз. Бірақ олар апта сайын қайталанбауы керек. Ең көбі — жылына төрт марафон, — деді Жеңіс Қасымбек.

Әкім сондай-ақ қалған спорттық шараларды триатлон орталығында, жағалауда немесе автокөлік қозғалысы жоқ аумақтарда өткізуге болатынын атап өтті.

— Бұл үшін арнайы шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Әрбір іс-шара бізбен келісіліп өткізіледі. Соңғы жарты жылда орталықта өтетін марафондар сиреп, тұрғындардан келетін шағымдар да азайды, — деді ол.

Еске салайық, биыл тамыз айында Жеңіс Қасымбек тұрғындардың өтініш-шағымдарына байланысты Астанада марафондар санын қысқарту жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button