Астанада жұмысшы мамандықтар жылының жабылуына арналған ауқымды флешмоб өтті
Астанада жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан колледж студенттерінің қатысуымен Жұмысшы мамандықтар жылының аяқталуына арналған ерекше флешмоб ұйымдастырылды.
Елордада өткен Жұмысшы мамандықтар жылының ресми жабылу рәсімі барысында колледждердің негізгі жетістіктері мен бастамалары таныстырылып, жұмыс берушілермен бірлескен кәсіби білім беруді дамыту, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру бағытында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Іс-шара аясында кәсіби білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі де өтті.
Айтулы оқиғаға орай Астана қаласының Білім басқармасы арнайы флешмоб ұйымдастырып, оған жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан колледждердің 2 мыңнан астам студенті қатысты. Атап айтқанда, аспаздар, бармендер, тігіншілер, слесарьлар мен электрмонтажшылар шараға белсенді түрде атсалысты.
Флешмоб барысында қатысушылар арнайы осы шара үшін жазылған «Жүрек қалауы» әнін орындады. Бұл ән алдағы уақытта жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатқан барлық студенттің ортақ әнұранына айналмақ.



