Білім

Астанада мектептерге интернетсіз жұмыс істейтін TopIQ-MobilBox оқу станциялары табысталды

Астанада «Алматыкітап» баспасы қайырымдылық жоба аясында мектептер мен кітапханаларға интернетсіз жұмыс істейтін, заманауи цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект құралдарымен жабдықталған TopIQ-MobilBox электрондық оқу станцияларын табыстады.

TopIQ-MobilBox – оқу үдерісін қолдауға арналған автономды электрондық оқу станциясы. Құрылғы шалғай елді мекендер мен шеткері қала мектептеріндегі оқушылар мен мұғалімдерге оқу контентін интернетке қосылмай-ақ пайдалануға мүмкіндік береді.

Оқу станциясына қазақ және орыс тілдеріндегі 395 электрондық оқулық пен көркем әдеби кітап, бейнематериалдар, аудиоконтент, мультфильмдер, интерактивті тапсырмалар мен тесттер жүктелген.

Жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқитын ұлт» бастамасын қолдау, шағын жинақты мектептерге, кітапханалар мен педагогикалық колледждерге заманауи оқу құралдарын ұсыну арқылы білім беру сапасын арттыру.

Жоба аясында Жаңа жыл қарсаңында «Алматыкітап» баспасы еліміздің цифрлық ресурстарға қолжетімділігі шектеулі 20 өңіріндегі шағын жинақты және шет аймақтардағы мектептерге әрқайсысының құны 400 мың теңге болатын 1000 білім беру станциясын сыйға тартты.

Соның ішінде TopIQ-MobilBox оқу станциялары Астана қаласы мен Ақмола облысының шағын жинақты мектептеріне, сондай-ақ TopIQ.kz платформасын тиімді пайдаланған және республикалық Leader TopIQ байқауында үздік нәтиже көрсеткен 103 мектепке жаңажылдық сый ретінде табысталды.

«Алматыкітап» баспасының президенті Гауһар Саймасаева жобаның қалай жүзеге асқанын айтып берді.

«Бұл – баспамыздың ауқымды жобасы. TopIQ платформасы мен оқу станциялары 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда 2000 мектептің 2 миллионға жуық оқушысы оны пайдаланады. Алайда шалғай ауыл мектептеріне қолжетімділікті қалай арттырамыз деген мәселе туындады. Осы сұраққа жауап ретінде TopIQ-MobilBox жобасы дүниеге келді. Платформадағы барлық оқу базасын бір құрылғыға жинақтап, 1000 шағын жинақты мектеп пен 50-ге жуық балалар кітапханасына сыйға тарту туралы шешім қабылдадық. Жобаны жүзеге асыру оңай болған жоқ, дегенмен 8 айдың ішінде толық аяқтадық. Құрылғыға 400-ге жуық оқулық пен көркем әдебиеттер енгізілді. Сондай-ақ платформаға Qamqor интеллектуалды көмекшісі орнатылып, мұғалімдер мен оқушылар үшін қосымша қолдау құралына айналды. Алдағы уақытта «1000 мектеп» қауымдастығын құрып, жоба әсеріне қатысты арнайы зерттеу жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button