Президент New Generation School Astana мектебін аралады
Елорда нысандарын аралау барысында Мемлекет басшысы Нұра ауданында орналасқан New Generation School Astana (NGS Astana) жекеменшік білім беру мекемесінің жұмысымен танысты.
Мектеп 1320 оқушыға арналған және екі бағыт бойынша білім береді: жаратылыстану-математикалық және әлеуметтік-гуманитарлық. Білім беру үдерісінде математика мен ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға ерекше назар аударылады. Оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Оқушылар үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді орта қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа мектептің мемлекеттік бизнесті қолдау аясында салынғаны айтылды. Жобаны іске асыру барысында қаржының 40 пайызы «Даму» қоры арқылы несие ретінде тартылған.
Мемлекет басшысы оқу кабинеттерін, кітапхананы және спорт залын аралап көрді.



