Мәдениет

Астанада «Өмір – ғайып» кітабының тұсаукесері өтті

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Мирас-А» қайырымдылық қорының құрылтайшысы, QAZAQ инклюзив театрының бас продюсері Жүзбай Серіктің «Өмір – ғайып» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, қайырымдылық ұйымдарының мүшелері, театр әртістері, шығармашылық жастар, сондай-ақ автордың жақындары мен оқырмандары жиналды.

Жаңа туындыда қоғам үшін аса өзекті мәселе – тастанды балалар тағдыры кеңінен қозғалады. Автор шығарма арқылы адам жауапкершілігін, ата-аналық парыздың қасиетін және отбасы құндылығының маңызын тереңінен ашып көрсетуді мақсат еткен. Кітапта үш түрлі отбасының өмірі салыстыра суреттеліп, әрқайсысының тағдыры оқырманды ойлануға жетелейді.

Жүзбай Серіктің айтуынша, шығарманың негізгі идеясы – ата-аналарды қандай қиын жағдай болмасын, өз баласынан бас тартпауға үндеу. Бір отбасы ұзақ жылдар бойы перзент сүюді армандаса, екінші бір отбасы дүниеге келген сәбиін тағдыр тәлкегіне қалдырады. Ал үшінші отбасы өз баласын жетімдер үйіне тапсырып, кейін өкінішке бой алдырады. Осы тағдырлар арқылы автор қоғамдағы немқұрайдылық пен мейірім мәселесін көтереді.

Сонымен қатар, жазушы бірнеше жылдан бері тастанды балалар мәселесімен белсенді түрде айналысып келе жатқанын атап өтті. Осы уақыт ішінде ол жүзден аса ананы баласынан бас тартпауға көндіріп, көптеген сәбидің жетімдік тағдырға ұшырамауына себепкер болған.

Кітаптың тұсаукесері мазмұнды мәдени бағдарламамен өрбіді. Ана мен бала тақырыбындағы әсерлі әндер шырқалып, жүрекке жетерлік монологтар оқылды. Сондай-ақ шығармадағы негізгі оқиғалар сахналық көріністер арқылы көрерменге ұсынылып, кештің әсерін арттыра түсті.

«Өмір – ғайып» кітабы – оқырманды адамгершілікке, жауапкершілікке және мейірімге үндейтін, терең ой салатын туынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button