Астаналық көркем гимнасшы Ақмарал Ерекешева жылдың үздік жас спортшысы атанды
Бүгін елордада ҚР Туризм және спорт министрлігінің жыл сайынғы дәстүрге айналған «Үздік-2025» спорт сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға спорт саласының ардагерлері, Олимпиада жүлдегерлері, белгілі спорт қайраткерлері мен спорт журналистері қатысты.
Марапат барысында Астана қаласының спортшысы, көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасында тұңғыш әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева «Жас және жасөспірімдер құрамындағы спортшы» номинациясының жеңімпазы атанды.
«2025 жыл мен үшін өте табысты өтті деп айта аламын. Себебі жасөспірімдер арасындағы жаһандық додада 2 алтын, 1 күміс медальді жеңіп алдым. Осы жетістіктерімді ескерген министрлік тарапына өз алғысымды білдіремін. Енді 2026 жылы жаңа мақсаттар күтіп тұр. Өйткені енді мен ересектер санатына ауысамын», — деді Ақмарал Ерекешева.



