Технология

Жыл қортындысы: Үздіктер. Әлемді таңғалдырған астаналық аспаз

Ескендір Салықов – Астана қаласында еңбек ететін кәсіби аспаз, азық-түлік технологы және халықаралық байқаулардың жүлдегері. Ол аспаздық салада 13 жылдан бері қызмет атқарып келеді және ұлттық тағамдарды заманауи үлгіде ұсыну бағытын ұстанады.

Ол кәсіби жолын тағам технологиясын меңгеруден бастаған. Азық-түлік технологы ретінде ол өнімнің құрамы, дәм үйлесімі мен сапасына ерекше мән береді. Бұл білімі оның аспаздық жұмысында жаңа шешімдер қабылдап, дәстүрлі асхананы креативті тәсілмен дамытуына мүмкіндік беріп отыр.

2025 жылдың аяғында ол Түркияның Анталья қаласында өткен GASTRO ANTALYA халықаралық гастрономиялық байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, «Жылдың алтын аспазы» атағына ие болды. Байқауда ол алтын және күміс медаль жеңіп алып, қазақстандық аспаздық мектептің әлеуетін халықаралық деңгейде дәлелдеді. Биылғы додаға әлемнің 38 елінен 500-ден астам кәсіби аспаз қатысып, олардың шеберлігін 55 халықаралық сарапшы бағалаған.

Жарыс барысында Ескендір Салықов қазақ асханасының дәстүрлі өнімдерін заманауи үлгіде таныстыруға басымдық берген. Атап айтқанда, ол шұбат негізінде арнайы соус әзірлеп, оны негізгі тағаммен үйлестірген. Сонымен қатар сиырдың миынан дайындалған басытқыны қуырылған тары мен батат пюресімен ұсынып, ерекше дәм үйлесімін көрсетті.

Аспаздың айтуынша, оның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі өнімдерін әлемдік гастрономия тілімен сөйлету. Ол ұлттық асхананы тек өткеннің мұрасы ретінде емес, дамуға қабілетті, заманауи бағыттағы асхана ретінде танытуды көздейді.

Бүгінде Ескендір Салықов жас аспаздарға үлгі болып, кәсіби байқауларға белсенді қатысып келеді. Оның жетістіктері қазақ асханасының халықаралық деңгейде сұранысқа ие бола алатынын көрсетеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button